Антистресс ойыншықтан бала химиялық күйік алған
Алматылық Әсел Пак 7 жастағы қызының сквиш ойыншығы жарылып, ішінен аққан гель тәрізді сұйықтық баланың қолын күйдіріп тастағанын айтқан,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Әсел Пактың айтуынша, қызына үшінші дәрежелі химиялық күйік диагнозы қойылған. Әйел ойыншықтың сатып алынғанын растайтын түбіртекті және барлық медициналық құжаттарды сақтап қойған. Енді ол мемлекеттік органдардан аталған өнімнің қауіпсіздігіне тексеру жүргізуді талап етіп отыр. Әңгіме ішінде гель тәрізді қоспасы бар танымал сквиш ойыншығының көшірмесі туралы болып отыр.
Сквиш, нидоу және басқа да антистресс ойыншықтары жұмсақ, түрлі түсті әрі қолға жағымды болғандықтан балалар арасында кең таралған. Олар жүйкені тыныштандырып, күйзелісті азайту үшін қолданылады. Алайда психологтардың айтуынша, сырт көзге зиянсыз көрінетін мұндай ойыншықтардың кейбірі шын мәнінде қауіп төндіруі мүмкін.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, антистресс ойыншықтарына арналған жеке қауіпсіздік талаптары жоқ. Оларға балаларға арналған барлық өнімдерге қойылатын жалпы талаптар қолданылады. Мамандар ойыншық сатып аларда оның сыртқы түрі мен сапасына ғана емес, қауіпсіздігін растайтын құжаттарының бар-жоғына да назар аударуға кеңес береді.
Қазір аталған оқиғаға байланысты тексеру жүргізіліп жатыр. Егер баланың жарақат алуына ойыншықтың қауіпсіздік талаптарына сай келмеуі себеп болғаны анықталса, өндіруші немесе сатушы заң алдында жауапқа тартылуы мүмкін.







