Қостанай облысы “Светофор” балалар лагерінде түсірілген видео желіде қызу талқыға түскен,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Кадрдан демалыс орнындағы санитарлық жағдайдың талапқа сай емес екені байқалады. Тексеру нәтижесінде бірнеше заңбұзушылық анықталып, лагерь иесіне ескерту жасалған.
Ата-аналар не дейді?
Әлеуметтік желіде Қостанай облысындағы жекеменшік “Светофор” балалар лагерінде түсірілген видео тарады. Кадрдан лас болған әжетхананы, еденге төгілген нәжіс пен санитарлық талаптардың өрескел бұзылғанын көруге болады.
Мұны демалуға барған балалардың бірі түсіріп, ата-анасына жолдаған.
“Светофор” лагеріне қатысты пікір қалдырғым келеді. Балаларға жасалған жағдайға көңілім толмайды. Бұл не сұмдық! Мұның бәріне біз 80 мың теңге төледік. Балалар лагерьде болған уақыт ішінде бір-ақ рет суға түскен. Сыртта ауа температурасы 30 градустан жоғары болған. Лагерь жабылып, жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жауаптыларға шара қолданылуы үшін қайда шағымдануға болады? Аталған лагерь Қостанай облысы Алтынсарин ауданы Сосновый Бор демалыс аймағынан шамамен бес минуттық жерде орналасқан”, – делінген желідегі жазбада.
Білім басқармасы жауап берді.
“Светофор” лагері – балалардың демалысы мен сауықтыруын ұйымдастыратын жекеменшік мекеме. Ол өз қызметін Қазақстан заңнамасына сәйкес дербес жүзеге асырады. Биыл лагерді “Рашит” жеке кәсіпкерлігі жалға алған. Лагерь 2025 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Жазғы маусымға дайындық кезінде Білім басқармасының мониторингтік тобы лагерге 20 мамырда, 12 және 14 маусымда барып, басшылыққа міндетті түрде жойылуы тиіс кемшіліктердің тізімін тапсырған. Атап айтқанда, санитарлық тораптардың, ас блогының және жатын бөлмелердің жай-күйі мен жұмысына қатысты ескертулер берілді”, – делінген жауапта.
Басқарма мәліметінше, директорға заңбұзушылықты жою бойынша хат жолданған.
“Лагерде демалған балалардың ата-анасынан түскен шағымға байланысты Білім басқармасы 16, 17 және 24 маусымда лагерьге қайта барып, тексеру жүргізді. Сонымен қатар балалар лагерден қайтарылды. 17 маусымда Білім басқармасы “Светофор” жекеменшік балалар сауықтыру лагерінің директорына ресми хат жолдады. Құжатта анықталған заңбұзушылықтарды толық жою және балалардың тұруы, тамақтануы, медициналық қызмет алуы мен қауіпсіз демалуына қолайлы жағдай жасау үшін шұғыл шаралар қабылдау міндеттелді”, – делінген хабарламада.
Оған қоса анықталған заңбұзушылықтарды жою үшін құзырлы мемлекеттік органдарға да ресми хаттар жіберілген.