Каспийге әкесі мен ұлы батқан: Дәрігерлер ұлын аман алып қалған
Каспий теңізінің жағалауында, Caspian Star демалыс базасы маңында ер адам мен оның ұлы суға бата жаздаған,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Қатты толқындарға қарамастан, демалушылар екеуін де судан алып шыққан.
Бала аман қалған, ал ер адамның өмірі үшін куәгерлер мен оқиға орнына келген дәрігерлер бір сағаттан астам уақыт күрескен. Алайда оны аман алып қалу мүмкін болмаған.
Оқиға куәгерлерінің айтуынша, алдымен жағалаудан әйел адамның «теңізде адамдар батып бара жатыр» деген жанайқайы естілген. Демалушылар суға кіріп, әкесі мен баласын жағаға алып шыққан. Бірақ ер адам жағаға ес-түссіз күйде жеткізілген.
Төтенше жағдай қызметкерлері келгенге дейін демалушылар өз күштерімен ұзақ уақыт бойы жүрек-өкпе реанимациясын жасаған. Кейін құтқарушылар мен екі жедел жәрдем бригадасы көмекке қосылды. Соған қарамастан, ұзаққа созылған реанимациялық шаралар нәтиже бермей, дәрігерлер ер адамның қайтыс болғанын мәлімдеген.
Оқиға куәгерлерінің бірінің айтуынша, қайғылы жағдай жағалаудың арнайы жабдықталмаған бөлігінде болған. Бұл жерде тұрақты құтқару бекеті жоқ, ал ұялы байланыс тұрақсыз болғандықтан, жедел қызметтерді шақыру мен олардың оқиға орнына жетуі қиындаған.







