Боянғанын көрсеткен 90 жастағы қазақстандық әже жұртты сүйсіндірді

1 505

Фото:© Видеодан скринЗейнеткер 90-ға келсе де барлық тағамды өзі дайындайды, той-жиынға биік өкшелі аяқ киім киіп, әдемі болып жүргенді, саяхаттағанды ұнатады,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі 

 Қысқа уақыт ішінде мыңдаған адамның ықыласына бөленген Күлсәр апа өзінің өмірге деген құштарлығымен, сергектігімен және әзіл-қалжыңымен жұрттың жүрегін жаулаған. Күнсара Ахметова Ақтөбе облысының, Шалқар қаласының тумасы. Дегенмен бүгінде Алматы қаласында тұрады. 

“Өзімді таныстырғанда кейде өлең шумақтарымен бастағанды ұнатамын:

“Тұрамын Алатаудың бөктерінде,

Алатау жетіп тұр ғой көкке күнге.

Мен өзім үш қыз туған анамын ғой

Отырармын жұмақтың қақ төрінде 

Мен өзім балаларымның пірімін,

Біреуге ұсақ, ал біреуге ірімін.

Немере бағып өсірген көп әженің бірімін”, - деді кейуана.

Күнсара әже биыл 17-ші наурызда 90 жасқа толып, той жасап атап өткен. 

“Соғысты да, дағдарысты да көріп өстік. Әкем мен ағам Ұлы Отан соғысына аттанды. Әкем елге аман оралды, ал ағам майданда қаза тапты. Өзім фельдшер мамандығын алып, осы салада еңбек еттім. Жолдасым хирург-дәрігер болды. Екеуміз 65 жыл бірге өмір сүріп, үш қыз тәрбиелеп өсірдік. Өкінішке қарай, жолдасым бес жыл бұрын ковидтен дүниеден өтті. Әйтпесе денсаулығы мықты, шымыр адам еді. Бүгінде қыздарымды мақтан тұтамын. Бірі – акушер-гинеколог, кенже қызым – дәрігер. Әкесі де дәрігер болғандықтан, біздің отбасымызды дәрігерлер әулеті деуге болады. Үш ұл, екі қыз немерем, жеті шөберем бар. Үлкен шөберем биыл мектеп бітірді, ал үлкен немерем қазір 42 жаста. Құдайға шүкір, балаларымның бәрі аман-есен. Бірі – ғалым, бірі – архитектор, бәрі өз саласында абыройлы қызмет атқарып жүр. Мен үшін ерекше мақтаныш – немеремнің бірі жасанды интеллект саласында еңбек етеді. "Жасанды интеллектінің авторының әжесімін" деп әзілдеп айтып қоямын. Құдайға шүкір, балаларымның қызығын көріп отырмын. Бар ғұмырымызды ел қатарлы еңбек етіп, адал өмір сүруге арнадық”,- деді зейнеткер.