Демалыс орнының кіре берісіндегі QR-код жұртты таңқалдырды
Алматыдағы Көкжайлауға баратын жолда төлем жасауға арналған QR-кодтар орнатылғанын айтып, қызу талқылап жатыр,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.
Көпшілік "Көкжайлауға кіру қашаннан бері ақылы болды?" деген сауал қойып, төлемнің заңдылығы мен оның нақты не үшін алынатынын сұрауда.
"Көкжайлауға жаяу баратындар үшін кіру қашаннан бері ақылы болып кеткен? Не үшін?", – деп жазды ол.
Бұл жаңалықты жұртшылық қызу талқылауда. Көпшілік мұндай талапты бұған дейін байқамағанын айтқан.
“Ал мен төлемесем не болады? Айыппұл келе ме, қайда келеді екен?”, “Не деген сандырақ?! Өз еліңде табиғат аясында жай ғана серуендеу үшін ақша төлеу керек болғаны ма?”, “Мен де бүгін осыған қатты таңғалдым. Егер қоқыс жәшіктері, дәретханалар, күтіп ұсталатын абаттандырылған аумақ болса, түсінуге болар еді. Ал әткеншектер мен беседкалар ол жерде бірнеше жылдан бері тұр. Ал QR-кодтарды биыл ғана қойған. Сонда нақты не үшін төлеуіміз керек?”, “Үйіліп жатқан қоқыс үшін төлейміз бе? Кейде сол қоқысты өзімізбен бірге алып кетуге тура келеді ғой. Әлде өз аяғыңмен тауға шыққаның үшін бе?”, “Менің ойымша, табиғат бәріне ортақ, халықтың игілігі болуы керек”,- деп жазды жұртшылық.
Кейбір тұрғындар тіпті QR-кодын жапсырып кеткен алаяқтар емес пе деп те күдіктенетінін алға тартқан.
“Иә, Көкжайлау – ерекше қорғалатын табиғи аумақ. Ол Ұлттық парктің аймағына кіретіндіктен ақылы. Бұл посты жоқ жерлерден өткен жаяу адамдар үшін жасалған тақтайшалар. Бұл талап бұрыннан болған. Тек QR-кодтар орнатылмаған еді. Төлем тек посттарда болды. Осыған байланысты біз комитетке хат жазып, Көкжайлау үшін осы арнайы QR-кодтарды жасаттық. Кіру құны тариф бойынша жаяу адамға 0,015 АЕК 2026 жылмен есептегенде 648 теңге. Егер азаматтар ақы төлемесе, 380-бап бойынша инспекторлар айыппұл салады. Айыппұл 5 АЕК-ке (21 625 теңге) дейін болады”, – деді Ұлттық парк мамандары.







