Жүкті әйел жол үстінде жан тапсырды
Солтүстік Қазақстан облысында полиция 34 жастағы жүкті әйелдің өліміне байланысты тергеу бастаған,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.
Жолда оның жағдайы күрт нашарлаған, алайда жолдың нашарлығына байланысты жедел жәрдем дер кезінде жете алмаған.
"Шақыртуға асыққан жедел жәрдем көлігі ойдым-ойдым жолмен өте баяу жүруге мәжбүр болды. Бар болғаны 37 шақырым жолды жүруге шамамен бір жарым сағат кеткен. Жолдың нашарлығына байланысты дәрігерлер науқасқа қажетті көмекті уақытында көрсете алмаған. Марқұмның туыстары мен ауыл тұрғындарының пікірінше, дәл осы жоғалған уақыт әйелдің өліміне себеп болды. Марқұм ауданға белгілі ұстаз, белсенді қоғам қайраткері, екі баланың анасы әрі отбасындағы жалғыз қыз болған", – делінген жазбада.
Марқұм әйелдің туыстары бұл қайғылы оқиғаға бірнеше фактор, соның ішінде медициналық қателіктер де себеп болуы мүмкін деп есептейді. Олардың айтуынша, әйелдің өлімінің негізгі себебі – Пресновка мен Благовещенка ауылдарының арасындағы жолдың көп жылдан бері жөнделмеуі. Жергілікті тұрғындар бұл мәселе бойынша түрлі мемлекеттік органдарға бірнеше жылдан бері шағымданып келе жатқанын, алайда жағдайдың әлі күнге дейін өзгермегенін айтқан.







