Жүкті әйел жол азабынан қайтыс болды
Солтүстік Қазақстан облысында тоз-тозы шыққан жолдың салдарынан 34 жастағы жүкті әйел қайтыс болды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агентігі.
Қайғылы оқиға Жамбыл ауданында тіркелді.
Сағдеевтар отбасы қайғыдан қара жамылып отыр. Шамамен екі апта бұрын 34 жастағы Дәрима Сағдеева өзін жайсыз сезінген. Марқұмды аудан орталығына жеткізбек болған жедел жәрдем бригадасы 37 шақырымдық жолды 1,5 сағат дегенде әрең жүріп өткен. Осы аралықта оның екі мәрте жүрегі тоқтаған. Ауруханаға тым кеш келген келіншекті ажалдан арашалау мүмкін болмады.
"Жүргізушіден себебін сұрадым. Ол: "Тез жүре алмаймыз, қатты батып, айғайлайды", — дейді. Жол түзу болғанда, 15 минуттың өзі бір нәрсені шешер еді. Дәрігерлердің айтуы бойынша, жатыры жарылған, сосын ішке қан кеткен. Екі балам бар. Олар естіген жоқ. Айта алмай жатырмыз әлі. "Мама қайда?", — деп күнде сұрайды", - дейді марқұмның күйеуі Азамат Сағдеев.
Туыстарының айтуынша келіншек көп қан жоғалтқан. Осылайша дәрігерлер марқұмға бірден операция жасамақ болған. Алайда ол кезде бәрі кеш еді. Жүкті әйел медициналық мекемеге жеткізілген кезде жан тапсырған. Қазір аталған фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, тексеріс басталды.
"Жолдың нашарлығынан уақыт өткізіп алды. Екі жан кетті. Өте ауыр жағдай. Ойламаған жерден осындай жағдайға тап болдық. Жолдан ба әлде дәрігерлердің қателігінен болды ма, ол жағын басып айта алмаймын", - дейді марқұмның қайын атасы Қайрат Сағдиев.
Пресновка – Қайранкөл бағытындағы жолдың жалпы ұзындығы 98 шақырымды құрайды. Жол деген аты ғана. Сапасы сын көтермейді. Талай жыл күтім көрмеген соң асфальт опырылып, шұрық-тесік болып қалған. Жергілікті халық аталған сұрақты талай мәрте көтеріп жүр. Алайда нәтиже жоқ.
Осы жағдайдан кейін ғана жергілікті билік өкілдері аталған сұрақты бақылауға алды.
Айта кетейік, Солтүстік Қазақстан автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы бойынша елімізде екінші орында. Өңірде 8 мың шақырымнан асатын жол бар.







