Ер адам ажырасуға бел буған әйелін көпшіліктің көзінше пышақтап кеткен
Ақтаудың 14-шағынауданындағы жағалауда ер адам жұбайын көпшіліктің көзінше аяусыз ұрып-соғып, бірнеше жерінен пышақтаған,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.
Оқиға 14-ші шілде күні таңертең болған. Оқиға орнына жедел түрде төтенше жағдайлар қызметінің мамандары мен жедел-тергеу тобы барған. Маңғыстау облысы Полиция департаменті шабуыл болғанын растады. Ведомствоның мәліметінше, аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.
"Алдын ала анықталғандай, жәбірленушіге дене жарақаттары отбасылық-тұрмыстық жанжал барысында салынған. Зардап шеккен әйел ауруханаға жеткізіліп, оған қажетті медициналық көмек көрсетілді. Күдікті ұсталып, соттың санкциясымен қамауға алынды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", – деп мәлімдеді ПД баспасөз қызметі.
Жәбірленушінің әпкесінің сөзінше, отбасында 4 бала тәрбиеленуде. Ер адам әйелінің ажырасуға нақты шешім қабылдағанын білгеннен кейін қылмысқа барған.
"Сол күні таңертең ол менің сіңлімді үйден алдап шығарып алды. Егер сыртқа шықпаса, балаларды өлтіретінін айтып қорқытқан. Сіңлім кездесуге барған кезде оны аяусыз ұрып-соғып, бірнеше жерінен пышақтады. Қазір ол ауруханада жатыр. Жағдайы ауыр болғанымен, тұрақты. Біз оқиғаға куә болған және болған жайтты видеоға түсіріп алған адамдарды іздеп жатырмыз. Әрине, тергеу барысында бейнебақылау камералары мен полиция қызметкерлерінің бейнетіркегіштеріндегі жазбалар зерттеледі. Дегенмен істің барлық мән-жайын барынша әділ әрі толық анықтау үшін қосымша дәлелдердің болғанын қалаймыз", – деді жәбірленушінің әпкесі.
Қаз
Рус






