Болат Мажағұлов ақша жымқырғаны үшін қамауға алынды
Аcтана қаласы Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысын субұрқақты салу кезінде ақша жымқырғаны үшін қамауға алды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Астана қаласының «Мәдениет басқармасы» ММ-нің бұрынғы басшысы мен мердігер ұйым өкілдеріне қатысты аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша Қаржылық мониторинг агенттігі сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде.
2016 жылы Астана күні мерекесіне орай салынған «Күн» («Есіл өзеніндегі жарық-иллюминациялық және от шоуы») субұрқағының құрылысы кезінде мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілмей, тікелей келісімшарттар жасалған.
Субұрқақ жобалық құжаттамасыз және мемлекеттік сараптамадан өтпей салынған.
Құрылыс барысында техникалық сипаттамаларға сәйкес келмейтін сапасыз материалдар қолданылған.
Нәтижесінде аталған нысан 2017 жылдан бастап жұмыс істемей, қазіргі таңда апатты жағдайда тұр.
Ұрланған қаражаттың көлемі 1 млрд теңгеден асып отыр.
Күдікті, Астана қаласының «Мәдениет басқармасы» ММ-нің бұрынғы басшысы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу аясында оның мүлкіне тыйым салынды. Оның ішінде 3 коммерциялық нысан, 2 автотұрақ орны және Астана қаласындағы премиум санаттағы пәтер.
Аталған іс бойынша күдіктілердің мүлкіне жалпы сомасы 572 миллион теңгеден астам сомаға шектеу қойылды.
ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етуге жатпайды.
ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.