RUB (0.00) 7.64 KZT
USD (-0.10) 462.65 KZT
EUR (+2.40) 477.55 KZT
Қоғам
1 541

Қазақстанға келген ресейліктер жұмыс пен баспана талап етуде

Жұмыс пен баспана табу ресейліктердің басты мәселесі болып тұр, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.


Қазақстаннан Ресей аумағына өту кезінде қиындық жоқ. Кезек 5 шақырымға созылған. Шамамен бір не бір жарым сағатта өтуге болады. Шекарада көлік маркасы мен мемлекеттік нөмірі және көлік ішіндегі адамды тексереді.

Сондай-ақ көрші елге қандай мақсатпен бара жатқаны, неше күн болатыны нақтыланады.
Шекарадан өткен соң екінші жақтағы кезек көзге бірден түседі. Бір қарағанда көліктің санын және қанша шақырымға созылып жатқанын айту мүмкін емес. Бірнеше шақырымға созылған кезекте жүк көліктері де, жеңіл көлік те бар.

Бұл тараптан Қазақстанға өтуге 7-8 сағат кетеді. Себебі кезек шекара бекетінен 5 шақырым жердегі Ресейдің Маштаков ауылына дейін созылған.

Кезекте тұрған ресейліктердің бірі Алматы мен Астанаға баратынын, енді бірі Қазақстан арқылы Түркия, Грузияға кететінін айтады. Олар үшін басты мәселе — баспана мен жұмыс. Арасында нақты жоспары бар адам жоқтың қасы. Себебі барлығы Путиннің жарлығы туралы естіген соң бірден жолға шыққан. Тіпті оқуы мен тұрақты жұмысы не болатынын да ойластырмаған. Бас сауғалайтын жер іздеген.

Шекарада кезекте тұрғандар өздерін видеоға түсіруге рұқсат бермеді. Мұны қудалауға ұшыраумен байланыстырды.


Тамбов қаласынан мобилизация туралы естіген кезде жолға шыққандардың бірі – Артем мен Влад. Влад 875 шақырым жол жүріп, шекараға жеткен. Ол бұрын әскери қызметкер болған. Сол себепті елден кетуге бекінген.

Екеуі Орал қаласынан жалға берілетін пәтер іздеген, алайда барлығы бос емес. Енді ресейліктер жайлы орын тапқанша көлікте түнейтінін жеткізді.

Нижний Новгород қаласынан «Сырым» бекетіне 900 шақырым жүріп жеткен Артем интернет арқылы Орал қаласынан Қазақстанның басқа қалаларына ұшақ пен пойыз билетін таппаған. Билет болса, кез келген қалаға баруға дайын.

Самаралық 20 жастағы Даниль әкесімен бірге жүр. Әкесі ұлын Қазақстанда орналастыру үшін ілесіп шыққан.

Ұлым тірі қалса болды. Басқаны ойлайтын шама жоқ, — дейді ол.

Ресейлік шекарашылар бекеттен жаяу өтуге тыйым салған. Жаяу жолаушылар кезекте тұрған көліктерге бөлініп мініп жатыр.


Айта кетейік, 2022 жылдың 21 қыркүйегінде Ресей президенті Владимир Путин ішінара әскери мобилизация жариялады. Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу әскерге 300 мың адам шақырылатынын мәлімдеді.

23 қыркүйекте Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметі Қазақстан мен Ресейдің шекарасында елімізге келіп жатқан шетел азаматтарының саны артқанын, соған байланысты жағдай бақылауға алынғанын хабарлады.

Қазір 30 автомобиль өткізу пункті қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Таңертеңгі жағдай бойынша, адам мен көліктің көбеюіне байланысты 4 өткізу бекетінде кептеліс болып жатыр.

«Шекара қызметі мемлекеттік құзыретті органдармен бірлесіп, шекара арқылы өту орындарында қауіпсіздік пен құқықтық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етіп жатыр», — деп хабаралды шекара қызметі.

ҰҚК шекара қызметі халықаралық шарттарды және Қазақстан ішкі заңнама нормаларын басшылыққа алады.