Газ жарылып, үй иесінің денесін 75% күйік шалған

1 500

Фото: Теміртау ТЖБТеміртауда 18 қыркүйек күні таңертең жеке тұрғын үйде газ-ауа қоспасы тұтанған. Оқиға салдарынан үйдің 67 жастағы иесі зардап шекті. Зейнеткер ауыр күйік алып, қазір жансақтау бөлімінде жатыр,  -  деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Төтенше жағдай сағат 06:00 шамасында Пушкин көшесінде болған. Көршілері қатты жарылыс дыбысын естіп, құтқарушыларды шақырған. Жарылыс толқынынан үйдің терезелері мен есіктері ұшып, қабырғасы зақымданған. Ас бөлмесі толығымен қирап, төбесінде жарықтар пайда болған.

Теміртау қалалық төтенше жағдайлар басқармасының алдын ала мәліметінше, оқиғаға газ-ауа қоспасының тұтануы себеп болуы мүмкін.

– 18 қыркүйек сағат 06:11-де Теміртау қаласы Пушкин көшесінде орналасқан жеке тұрғын үйде алдын ала мәлімет бойынша табиғи газдың газ-ауа қоспасы тұтанған. Соның салдарынан тұрғын үйдің терезе блоктары мен қабырғасы зақымданды. Жедел жәрдем бригадасы 1959 жылы туған үй иесін денесінің термиялық күйіктерімен Теміртау қаласының орталық ауруханасына жеткізді, – деп хабарлады Теміртау қалалық төтенше жағдайлар басқармасы. 

Оқиға кезінде ер адам үйде жалғыз болған. Жедел жәрдем бригадасы оны Теміртау қаласының орталық ауруханасына жеткізді.

– Науқас қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Оның денесінің 75 пайызы күйген, сондай-ақ соғылған. Жағдайы ауыр, – деп хабарлады Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасы.

Газ қызметінің мәліметінше, үйдегі газ жабдығы жақында ғана орнатылған. Жарылысқа себеп болды деп қарастырылып жатқан нұсқаларының бірі – газды өз бетінше қосу. Алайда зардап шеккен адамның туыстары бұл нұсқамен келіспейді және сараптама жүргізуді талап етіп отыр.

Оқиғаның нақты себебі әзірге анықталған жоқ. Қазіргі уақытта болған жағдайдың барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Теміртау қаласы полиция басқармасының Ескі қала бөлімінде қылмыстық іс қозғалды.


OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.