Депутат сотталған әйелдерге рақымшылық жасауды ұсынды

1 362

Фото: istockphoto.comІІМ Мәжіліс депутаты Қарақат Әбденнің сотталған әйелдерге рақымшылық жасау туралы ұсынысына жауап берді. Бұған дейін депутат министрлікке депутаттық сауал жолдаған болатын, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

ІІМ-нің жауабында "мұндай амнистия актісін қолдану туралы ұсыныс тұжырымдамалық тұрғыдан қолдау табады" деп жазылған.

Амнистияны қарастыру барысында министрлік қылмыстың ауырлығымен қатар сотталғандардың әлеуметтік жағдайын да ескеруді ұсынады. ІІМ мәліметінше, қазір жазасын өтеп жатқан әйелдердің ішінде 29-ы мүмкіндігі шектеулі, 243-і 60 жастан асқан, 13-і жүкті, 58-і кішкентай балалары бар, 226-сы көпбалалы ана.

"Өтелмеген материалдық талаптары бар әйелдердің (3910 адам) жазасын жеңілдету, бас бостандығынан айыруды басқа жазалау түріне ауыстыру қарастырылуы керек", – деп жазылған министрліктің жауабында.

Сонымен қатар, ІІМ ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін жазасын өтеп жатқан 5055 әйелдің жаза мерзімін қысқартуды мүмкін деп санайды.

Ал жеңіл және орташа ауыр қылмыстар үшін жазасын өтеп жатқан 1220 әйелді босату мүмкіндігі қарастырылуы мүмкін.

"Бірінші рет сотталған және зорлық-зомбылықсыз қылмыс жасаған әйелдерді босату мәселесі қосымша талдауды қажет етеді, сонымен қатар, жәбірленушілердің құқықтарын қорғау да ескерілуге тиіс", – деп толықтырды ІІМ өкілдері.

Министрліктің есебінше, екі мыңнан аса сотталушының босатылуы бюджетке күніне 5,8 миллион теңге, жылына 2,1 миллиард теңге үнемдеуге мүмкіндік береді.

Қарақат Әбден сотталған әйелдерге амнистия қолдану үшін мынадай шарттар ұсынды:

зорлық-зомбылыққа қатысы жоқ қылмысы үшін сотталған әйелдер;

жүкті әйелдер мен кішкентай баласы бар әйелдер;

көпбалалы әйелдер;

алғаш сотталған әйелдер;

жасы ұлғайған (60-тан асқан) әйелдер.