Мүгедектігі бар белсендіні Kinopark киноға кіргізбей қойған
Алматылық мүгедектігі бар белсенді Богдан Джепка Kinopark-қа арбасымен кіре алмағанын айтып, кинотеатрды сотқа беретінін мәлімдеген,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Оның сөзінше, әкімшілік фильм көрсетілетін залдың мүгедектер арбасына бейімделмегенін айтып, қызмет көрсетуден бас тартқан. Кейін кинотеатр басшылығы белсендімен кездесіп, болған жағдай үшін кешірім сұраған.
Богдан Джепканың айтуынша, ол отбасымен бірге Aport Mall East сауда орталығындағы Kinopark кинотеатрына “Кодекс Данте” фильмін көруге барған. Алайда кассада тұрған кезде әкімші фильм көрсетілетін залдың қолжетімсіз екенін айтып, кино көруге рұқсат бермеген.
Оның сөзінше, кинотеатр қызметкері бұған дейін арбадағы бір көрермен баспалдақтан құлап, соған байланысты сот процесі жүріп жатқанын айтқан.
Белсенді бұл жағдайды мүгедектік белгісі бойынша кемсіту деп бағалап, Kinopark-ты сотқа беретінін мәлімдеген.
Алайда кейін белсенді Kinopark желісінің маркетинг және PR директоры Ерлан Бұхарбаевпен кездескенін хабарлаған.
Оның айтуынша, кездесу қызметкердің әрекеті үшін кешірім сұраудан басталған.
Джепканың айтуынша, Kinopark басшылығы мәселені шешуге дайын екенін білдіріп, алдағы уақытта бұл бағытта бірлесіп жұмыс істеуге келіскен.







