Ауылдасымен кеткен ер адам үйіне өлі күйінде оралды

452
Павлодар облысындағы Сарықамыс елдімекенінің 48 жастағы тұрғыны ауылдасының үйіне мал союға барып өлі күйінде табылған. Ал туыстары оның мәйітін бір күн өткен соң, сол үйден тауыпты. Марқұмның неден көз жұмғаны белгісіз. Жақындарының айтуынша, оның  шашы мен қасын қырып тастаған деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі Астана телеарнасынан сілтеме жасап.  

Ауылдасының үйіне өз аяғымен кеткен Тұрысбек Қабдыраш шаңырағына өлі күйінде оралған. Туыстары оның өліміне ауылдасын айыптауда. Оқиға болатын күні марқұмды ауылдасы  келіп жылқы союға көмектесуін сұраған. 

  "Жоқ деп мені үйіне кіргізбей қойды. Жазғы үйінде өлі күйінде жатыр екен. Жазғы үйдің іші тамшы-тамшы қан жатты. Жан сақтап отырған жұбайымнан айырылдым. Енді қалай күн көрем", - дейді марқұмның әйелі Цэцэгүл Түркістан.

Ал марқұммен  сол күні бірге болған елдімекеннің бір тұрғыны ештеңе көрмегенін айтты. Тіпті, ол не болғанын да білмеймін дейді.

"Мызғып кетіппін үстелде. Қасты алып тастапты. Сол екі ортасын білмеймін. Білмеймін қай кезде алып тастағанын. Мен кеткен кезде Тұрысбек үстелде ұйықтап жатты. Алматта да, Пашка да болған жоқ", - деді оқиға куәгері Талғат Жүсіпов.

Ал жақындары болса, марқұмды зорлықпен өлтіруі мүмкін дейді. Мәйітті көрген куәгерлер оның қасы мен шашын қырып тастағанын айтады.

"Түнде қайтыс болған адамды түскі бірге дейін ауылға айтпаған. Әйелі іздеп барған сұраған. Қасын ұстарамен қырып алып тастаған. Шашын жартылай ұстарамен алып тастаған", - дейді көршісі Мұрат Батталұлы.

Ал полиция департаменті мұны жоққа шығарды.

"2021 жылдың 14 қыркүйегі күні Екібастұзға ауылдық аймағына қарасты ауылдардың біріндегі жазғы ас үйден 1973 жылы туылған адамның мәйіті табылды. Денесінде зорлық іздері болған жоқ. Сараптама қорытындысы бойынша  өлімге алкоголдік интоксикация себеп болған", - деді Павлодар облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Жанна Біләлова.

Марқұмның туыстары оның арақтан өлді дегеніне сенбейтіндерін айтады.  Күдікті бұрын  ауылда  учаскелік полиция  болған дейді.  Қазір зейнеткерлікке шыққан. Сондықтан ол жазадан сытылып кете ме деп қорқады. "Мәйіт сол шалқасынан жатыр екен. Көп жатып қалғанға ұқсайды. Қап-қара боп кеткен. Басы ісіп, адам танымайтындай болып кеткен. Сол жігіттің денсаулығы мықты еді. Тепсе темір үзетін азамат еді", - дейді туысы Манат Саят.

Туыстарының айтуынша, күдіктенген адам   қанды оқиғадан кейін ауылдан кетіп,хабарласа алмай жатқандарын айтты.