Қазақстандықтар қандай салық қарызы үшін шетелге шыға алмайды
Жаңа Салық кодексіне сәйкес, қолданылатын шаралар қарыз көлеміне қарай белгіленеді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.
2026 жылғы 1-ші қаңтардан бастап Қазақстанда салық берешегін өндіріп алудың жаңа тәртібі күшіне енген. . Сонымен қатар салық төлеу мерзімін кейінге шегеру немесе бөліп төлеу мүмкіндігі қарастырылған. Салық органдары қолданатын шаралар берешек мөлшеріне байланысты.
Қарыз 20 АЕК-тен аспаса – 86 500 теңгеге дейін. Егер салық берешегі 20 АЕК-тен, яғни 86 500 теңгеден аспаса, салық төлеушіге тек хабарлама жіберіледі. Мәжбүрлеп өндіріп алудың басқа шаралары қолданылмайды.
Қарыз 20-дан 45 АЕК-ке дейін болса – 86 500 теңгеден 194 625 теңгеге дейін
Мұндай жағдайда салық органдары:
- банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата алады;
- кассадағы шығыс операцияларын уақытша тоқтата алады;
- инкассалық өкім қоя алады.
Қарыз 45 АЕК-тен асса – 194 625 теңгеден жоғары. Берешек 45 АЕК-тен асқан жағдайда заңда көзделген мәжбүрлеп өндіріп алу шараларының барлығы қолданылуы мүмкін.
Олардың қатарында:
- мүлікті тізімге алу;
- мүлікті сату;
- қарызды салық төлеушінің дебиторлары есебінен өндіріп алу бар.
2026 жылғы 1-ші шілдеден бастап салық берешегі 27 мың АЕК-тен, яғни 116 775 000 теңгеден асса және қарыз үш ай бойы өтелмесе, сот борышкердің Қазақстаннан шығуына уақытша шектеу қою туралы шешім қабылдай алады. Яғни шетелге шығуға тыйым автоматты түрде қойылмайды. Мұндай шектеу тек сот шешімімен енгізіледі. Азаматтың жалғыз баспанасын тек заңды күшіне енген сот шешімі негізінде ғана алып қоюға болады.
Жаңа Салық кодексінде өсімпұл есептеудің әртүрлі коэффициенттері белгіленген:
- көлденең мониторингке қатысушылар үшін – 0,65;
- қалған салық төлеушілер үшін – 1,25.
Салық төлеушілер салықты төлеу мерзімін кейінге шегеру немесе бөліп төлеу мүмкіндігін пайдалана алады. Белгіленген талаптар сақталған жағдайда мұндай жеңілдік мүлікті кепілге қоймай және банк кепілдігінсіз де берілуі мүмкін. Сонымен қатар өндірісте пайдаланылатын шикізатты импорттау кезінде қосылған құн салығын төлеуді кейінге қалдыру қарастырылған. Салық органдары борышкердің банк шоттарындағы ақша қозғалысы туралы ақпарат сұрата алатын берешек шегі төмендетілді. Бұған дейін мұндай сұрау қарыз 5 мың АЕК-ке, яғни 21 625 000 теңгеге жеткенде жіберілсе, енді бұл шек 2 500 АЕК-ке – 10 812 500 теңгеге дейін азайтылған.







