"Ұрғашылар мен еркектер бірге отыруға болмайды" ер адам көптің ашуына тиді

1 503

Фото: Видеодан скриншотЖетісайда өткен тойлардың бірінде тілектің орнына діни уағыз айтып, музыка мен аралас отырған әйелдер мен ерлерді сынаған ер адамның видеосы әлеуметтік желіде кеңінен тараған,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.

Оның сөзі желі қолданушылары арасында қызу пікірталас туғызып, көпшіліктің наразылығын тудырған.  Бейнежазбада сөз алған ер адам мұсылман қауымы шариғат талаптарын ұстануы қажет екенін айтып, тойларда арақтың қойылмай жүргенін оң бағалады. Алайда оның пікірінше, енді музыкадан да бас тарту керек.

“Біз мұсылманбыз. Мұсылман болғаннан кейін бізге шариғаттың үкімі болады. Ненің халал, ненің харам екенін Алла баттитып жазып кеткен. Аллаға шүкір, тойлардағы арақ деген бәледен құтылдық. Бірақ тағы екі нәрсе қалды. Бірі – музыка деген бәле. Одан да құтылуымыз керек. Шариғатқа мүлде сай келмейді. Екіншісі – ерлер мен әйелдердің бірге отыруы. Кейінгі тойларға тамада інім, сенің құлағыңа алтын сырға. Себебі бәріміз Алланың алдына барып жауап береміз. Әншілер маған ренжімесін. Роза қарындасымыз келіп отыр ғой. Шариғатта оларды “шайтанның азаншысы” деп айтады”, – деді ол.

Бұл сөздерге әнші  жауап беріп, өзін ғана емес, тұтас музыка өнерін қаралаған пікірмен келіспейтінін жеткізген. “Дүмше молда – дін бұзар!” деп бастаған жазбасында әнші Жетісай өңірінің бұрыннан имандылық пен ұлттық дәстүр қатар сақталған өлке екенін атап өтті. Оның айтуынша, өңірде үлкен жиын болмаса, ерлер мен әйелдер онсыз да бөлек отырады. Сондай-ақ той иесінің арнайы шақыруымен келіннің сәлем салу рәсіміне барғандарын, алайда құдалар келмегендіктен бұл дәстүр орындалмағанын айтты. Әнші тойда сөйлеген адамның нағашы жақтан шыққанын айтып, оның пікіріне наразылық білдірген.

“Ханафи мәзһабымен жүрген аңқау елге арамза молда қайдан шыққан? Мені қойшы, тұтас музыканы харам деп тұрғаны қалай кетті? Ақшасын берді деп айыптағанға үндемей кете береміз бе? Кезінде пайғамбарымыз Айша анамызға ән айтқызған дегенді бұл кісі естімеген бе?” – деп жазды Роза Әлқожа.

Сонымен қатар әнші мұндай көзқарастардың қоғамға кері әсер ететінін айтып, Жетісайдағы діни ахуалға жауапты мемлекеттік органдардың жұмысына да сауал қойған. Жазбасының соңында ол өзіне қатысты айтылған сөздерді жеке басқа тиісу әрі қорлау деп бағалап, заңгерлерден құқықтық тұрғыда қандай жауапкершілік қарастырылатынын сұраған.

“Маған жасалған буллинг үшін жауап бола ма? Жеке басқа тиісу, қорлау бойынша қандай бап бар? Заңгерлер болса, жаза отырыңыздар. Мұсылманның көңілін қалдыру Қағбаны қиратқанмен тең деуші еді”, – деп жазды әнші.