Сайлау күні басқа қалада жүргендер: Құжатты қалай рәсімдейді
Сайлау күні тұрғылықты жерінен тыс елді мекенде болатын азаматтар есептен шығару куәлігі арқылы дауыс бере алады,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.
Құжатты тіркелген жеріндегі учаскелік сайлау комиссиясынан 7-сі мен 22-ші тамыз аралығында алу қажет. Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Азамат Айманакумов сайлаушыларға есептен шығару куәлігін беру тәртібін түсіндірді. Аталған құжат азаматқа сайлау күні өзі болатын елді мекендегі учаскеде дауыс беруге мүмкіндік береді. Есептен шығару куәлігі дауыс беру күніне 15 күн қалғанда беріле бастайды. Құжатты сайлаудың алдындағы күні сағат 18:00-ге дейін рәсімдеуге болады. Құжат сайлаушының жазбаша өтініші негізінде беріледі. Өтініш берген кезде жеке басты куәландыратын құжатты көрсету қажет. Комиссия мүшелері сайлаушылар тізіміне тиісті белгі қояды.
Демек, аталған мүмкіндік сайлау күні басқа қалада, ауданда немесе өзге елді мекенде болатын азаматтарға арналған. Бір қала ішіндегі басқа учаскеге ауысу үшін есептен шығару куәлігін пайдалану қарастырылмаған. Құжатты сайлаушының өзі ғана емес, оның сенім білдірген өкілі де ала алады. Ол үшін жазбаша сенімхат ұсынылуы қажет. Сенімхатты нотариус арқылы куәландыру талап етілмейді. Есептен шығару куәлігін алған азамат сайлау күні өзі орналасқан елді мекендегі учаскеге барып, құжатты комиссияға тапсырады. Осыдан кейін ол сол учаскедегі сайлаушылар тізіміне енгізіліп, дауыс беруге қатыса алады. ОСК сайлаушыларға құжатты соңғы күнге қалдырмай, алдын ала рәсімдеуге кеңес береді. Куәлік жоғалған жағдайда қайта берілмейтіндіктен, оны сайлау күніне дейін мұқият сақтау қажет.







