"Қажет болса тағы да ұрамын": 14 жастағы баланы аяусыз ұрды

1 502

Фото; Видеодан скринАқтау тұрғыны Ақтоты Ахметқызы жасөспірімдердің 14 жастағы інісін аяусыз соққыға жыққанын айтты, - деп  хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі

Ақтоты Ахметқызының айтуынша, 4 тамыз күні таңертең оның 14 жастағы інісі 32А шағынауданындағы №10 үйдің жанындағы дүкенге шыққан. Сол кезде оған шамамен 16-17 жастағы екі жасөспірім жанына барған. Жасөспірімдер інісінің телефоны арқылы сол үйде тұратын досына хабарласып, оны далаға шығарып беруді талап еткен.(Видео)

"Бұл – адамшылыққа жатпайтын, аса қатыгез әрекет. Осындай қарқынмен олар адам өлтіруге дейін баруы мүмкін", – дейді Ақтоты Ахметқызы.

Оқиғадан кейін, оның айтуынша, күдікті жасөспірімдер анасымен бірге 32В шағынауданындағы №8 үйде орналасқан полицияның тірек пунктіне жеткізілген.

"Олар кінәларын мойындамады. Тіпті полиция қызметкерлерінің көзінше олардың бірі "Иә, мен оны ұрдым. Қажет болса тағы да ұрамын. Маған не істей аласың?" деп айтып, бізге де агрессивті мінез көрсетті", – дейді ол.

Жәбірленуші Маңғыстау облыстық балалар ауруханасына жеткізіліп, компьютерлік томография және басқа да тексерулерден өткен. Ақтоты Ахметқызының айтуынша, дәрігерлер баланы басынан алған ауыр жарақатына байланысты шұғыл түрде ауруханаға жатқызған.

Сондай-ақ Ақтоты Ахметқызы полицияның тірек пунктінде олардың арызы қабылданбағанын айтады. Оның сөзінше, бірнеше сағаттан кейін ғана олар полиция басқармасына барып, ресми түрде арыз берген.

"Біз полицияға, прокуратураға, денсаулық сақтау басқармасына және әкімдікке бұл істі назардан тыс қалдырмай, кінәлілерге ең қатаң шара қолдануды сұраймыз. Бүгін адамды ұрып-соққан олар ертең адам өлтіруге де баруы мүмкін”, – деп алаңдаушылық білдірді Ақтоты.

Жәбірленушінің әпкесі егер бұл жасөспірімдерді қазір тоқтатпаса, ертең басқа балалар да зардап шегуі мүмкін деп ескертті.