«Жол бермеді» деп жүргізушіні ұрып жыққан

1 503

Фото: ©Видеодан скринАлматы қаласында Сейфуллин даңғылы бойында екі жүргізуші арасында жанжал болды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.

Даудың себебі – біреуі екіншісіне жол бермеген. Жәбірленушінің айтуынша, қара түсті «ROX» жол талғамайтын көлігінің жүргізушісі бұрылып, көлік ағынына қосылмақ болған. Оған негізгі жолда келе жатқан жүргізуші жол бермеген. Осыдан кейін ол жәбірленушінің көлігін қуып, жүргізушіні мәжбүрлемеп тоқтатқан. Екі көлік те тоқтаған соң, жәбірленуші сөйлесу үшін көліктен шыққан. Сол кезде «ROX» көлігінің жүргізушісі оған жақындап келіп, бетінен ұрып жіберген. Ер адам сол сәтте асфальтқа құлап, есінен танып қалған. Куәгерлердің айтуынша, алған соққыдан сол сәтте құрыса бастаған. Ал оған маңайдағы адамдар көмекке жүгіріп келген. Шабуыл жасаған адам жедел жәрдем келгенге дейін оқиға орнынан кетіп қалған. Жәбірленуші есін медициналық көлікте жиған.

«Әлеуметтік желілерде қазіргі уақытта тарап жатқан екі көлік жүргізушісі арасындағы жанжалға қатысты Бостандық аудандық полиция басқармасы дене жарақатын салу фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Аталған оқиғаның бірнеше апта бұрын болғаны анықталды. Жанжалға қатысқан адамдардың барлығы анықталып, олармен қажетті процессуалдық іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған бірқатар тергеу әрекеті жүргізіліп жатыр», – делінген агенттік тілшісіне берген пікірінде.

Полиция департаментінің мәліметінше, тергеу қорытындысы бойынша жанжалға қатысушылардың әрқайсысының әрекетіне заңда белгіленген тәртіппен тиісті құқықтық жаза беріледі.