ТҮРКІСТАНДЫҚ КЕЛІННІҢ ДАУЫ РЕЗОНАНС ТУДЫРДЫ

1 509

   Фото: Opennews.kz коллажыЕл ішінде келін алып қашу дауы қайтадан қыза түсті. Бұл жолы оқиғаның арты үлкен қылмыстық іс пен ақшалай талапқа ұласып, әлеуметтік желіде үлкен резонанс тудырып жатыр, – деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі. 

 Түркістан облысы, Созақ ауданының 19 жастағы тумасы А.Ж есімді азаматша Ұлытау облысы, Қарсақбай кентінің Н.Ж есімді азаматына өз еркімен тұрмысқа шығуға келісіп, келін болып түскен. Жақындарының айтуынша, олар 9 ай бойы қыз бен жігіт болып араласқан. Tіпті, 2026 жылдың 13 шілдесінде қыздың ұйымдастыруымен Шымкент қаласында сөз салу рәсімі өтіп, барлық шығынды жігіт көтерген.

 Ақпаратқа сәйкес, алып қашу идеясын қыздың өзі ұсынған. Қарсақбайға артынан іздеп келген қуғыншыларға және шақырылған полиция қызметкерлеріне А.Ж есімді азаматша: «Жасым 19-да, кәмелетке толғанмын. Шешімді өзім қабылдаймын, мені ешкім күштемеді, бармаймын» деп өз жауабын беріп, қолхат жазып, видеомәлімдеме де жасаған. Әлеуметтік желілерде қыздың өз еркімен келгенін айғақтайтын бұл видеолар мен суреттер тарауда. Алайда, келесі күні ата-анасы келгенде бойжеткен ойын кенеттен өзгертіп, еріп кеткен. Онымен қоймай, келісімсіз алып қашты деп полицияға арыз түсірген.

 Жігіт тарапының мәлімдеуінше, кешірім сұрап барған кісілерге қыз жағы: «5 миллион теңге берсеңдер, арызды қайтарып аламыз» деп ашық шарт қойған. Ақша беруден бас тартқан соң, жігіттің өзі мен оған көмектескен досы Е.Н есімді азаматтың үстінен айып тағылып, екеуі де қамауға алынған.

 Полиция департаментінің ресми жауабы:

 «Қызды некеге тұруға мәжбүрлеу дерегі бойынша Шымкент қаласының полициясы қылмыстық іс қозғады. Алдын ала мәлімет бойынша, арызданушыны қаладағы демалыс орындарының бірінен еркінен тыс алып кетіп, некеге тұруға мәжбүрлеген. Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде екі күдіктінің жеке басы анықталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде», - деді Шымкент қаласының полиция департаменті. 

 Әділдік қайда?

 Жігіт тарапы қолында өз еркімен келгенін дәлелдейтін фото, видео, жазбаша қолхат секілді барлық айғақтар бола тұра, Шымкент қаласының Полиция департаменті істі сыңаржақ қарап жатыр деп есептейді. Жас жігіттердің жақындары құқық қорғау органдарынан істің ақ-қарасын анықтап, әділ тергеу жүргізуді талап етуде. Қазіргі таңда бұл оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыланып, халық назарын аударып отыр.

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.