Қазақстандықтар ит пен мысықтарын чиптеуге міндеттеледі
Қазақстанда ит пен мысықты есепке қою тәртібі өзгереді. 22 тамыздан бастап үй жануарларын тіркеу кезінде оларға міндетті түрде микрочип орнату талап етіледі, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі .
Бұл талаптар Экология және табиғи ресурстар министрлігінің тиісті бұйрығына енгізілген өзгерістер арқылы бекітілді.
Бұған дейін үй жануарларын тіркеу кезінде олардың түріне қарай әртүрлі сәйкестендіру құралдарын қолдануға болатын. Енді ит пен мысықты есепке қою үшін микрочип орнату міндетті болады. Чиптің нөмірі жануардың тіркеу мәліметтеріне енгізіледі.
Ал басқа үй жануарларына мұндай талап қойылмайды. Оларды сәйкестендіру тәсілін жануар иесі өзі таңдап, қажетті құралды өз қаражатына сатып ала алады. Иттер мен мысықтарды чиптеу жұмыстарын ветеринариялық қызмет көрсетуге рұқсаты бар мамандар мен ұйымдар жүргізеді. Сондай-ақ бұл қызметті жергілікті атқарушы органдар құрған мемлекеттік ұйымдар да көрсете алады.
Жаңа талаптар бұйрық ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді. Осылайша, 22 тамыздан бастап иттер мен мысықты есепке қою кезінде микрочиптің болуы міндетті болады.
Қаз
Рус






