Балабақша тәрбиешілерін енді ЖИ бақылайды

1 500

Фото: Opennews.kz ЖИЕнді балабақшадағы тәрбиешілерді Жасанды интеллект қадағалайды. Олардың шаршаған, шаршамағанын, бойында күйзелістің бар-жоғын анықтап береді, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Бала бағу оңай емес, әрине. Қолды-аяққа тұрмайтын кішкентайларды көзден таса қылуға болмайды. Ал күнұзаққа баламен алысқан тәрбиеші шаршайды. Петропавлдағы балабақша осыны ескеріп, арнаулы демалыс хабын ашқан. «Бұл жобаның баламасы жоқ», - дейді өздері. Бұдан бөлек Жасанды интелект мекемедегі тәртіпті де бақылап отырады.

Балабақшада 320 бүлдіршін тәрбиеленеді. Қолды-аяққа тұрмайтын ойын баласының күнұзағы бабын тауып, білім мен тәрбие беретін мамандарға төзімнің қажет екені даусыз. Эмоционалдық демалыс хабын ашудағы мақсат –тәрбиешілердің уақытылы тынығып, күш жинауына мүмкіндік беру. Сергіп алса, қызметі де сапалы болмақ. 

Айгүл Қасенова,  тәрбиешінің көмекшісі: - Балалармен жұмыс істеу, әрине, оңай емес. Сондықтан жұмыстан кейін міндетті түрде демалып, бойды сергітіп алу керек. Өзіңе уақыт бөліп, тынығып, жаңа күш жинау үшін осы бөлмеге келеміз. Осы жерде демалып, сергіп алған соң, балаларға қайта ораламыз. 

Кез келген педагог жұмыс алдында, үзіліс кезінде немесе жұмыстан тыс уақытта хабтың игілігін көре алады. Оның ішінде эмоционалды жай-күйі сыр беріп, шаршап жүрген маманды Жасанды интеллект бірден анықтайды. Ондай жағдайда демалыс түрін ұсынады. Сергіп, күйзелістен арылуына көмектеседі. 

Мәдина Дарбаева, балабақша меңгерушісі: - Жүйе педагогтердің эмоционалдық жағдайын бақылап, қатты шаршаған немесе күйзелістегі қызметкерлерді анықтауға мүмкіндік береді. Бұл әкімшілікке балабақшадағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін дер кезінде әрекет етуге көмектеседі. Жүйенің негізінде халықаралық стандарт ретінде танылған ғылыми әдістеме жатыр.

Жасанды интеллект балалардың қауіпсіздігін де қадағалайды. Мұнда 64 бейнекамера орнатылған. Нейрожелі мектепте төтенше жағдай туындаса, бірден дабыл қағады. Балалар арасындағы жай жанжал мен буллингті ажыратып, ересектер тарапынан оғаш әрекет байқалса, оны да анықтайды. Мамандар бұл қанатқақты жоба оң нәтиже берсе, жүйені мектептерге жаппай енгізу мүмкіндігін қарастырмақ. Осы ретте өңірде цифрлық сауаттылықты дамытуға да мән беріліп жатыр. 

Әсел Оразбаева, СҚО Білім басқармасының баспасөз хатшысы: - Бастауыш сыныптарда «Цифрлық сауаттылық» және «Жасанды интеллект» пәндері оқытылады. Ал 5-11 сыныптарда «Информатика» және «Цифрлық интеллект» пәндері жүргізіледі. Бұл сабақтар оқушылардың сыни және алгоритмдік ойлау қабілетін дамытады. Балалар цифрлық технологияларды сауатты әрі тиімді қолдануды үйренеді.


OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.