Ресей Кенесары ханның бас сүйегін Қазақстанға қайтарудан бас тартты
Ресей Кенесары ханның бас сүйегін Қазақстанға қайтару мәселесіне қатысты өз заңнамасындағы шектеулерді алға тартты, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Алайда Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Сыртқы істер министрлігі тарихи жәдігерді іздеу және елге қайтару жұмыстарын жалғастырады.
Ресей қандай себеп келтірді?
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, Қазақстан Сыртқы істер министрлігі дипломатиялық арналар арқылы Ресей СІМ-іне Кенесары ханның бас сүйегінің қайда сақталғанын анықтау және оны тарихи отанына қайтару мүмкіндігі туралы ресми сауал жолдаған.
Ресей тарапы жауабында «Ресей Федерациясының музей қоры және музейлер туралы» федералдық заңның 11-бабына сілтеме жасаған. Аталған нормаға сәйкес, Ресейдің музей қорына енгізілген экспонаттар мен музей коллекцияларын ел аумағынан шығаруға тыйым салынады.
Дегенмен Кенесары ханның бас сүйегі шынымен Ресей музейлерінің бірінде сақтаулы тұрғаны әзірге ресми расталған жоқ.
Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі іздеу жұмыстары тоқтамайтынын жеткізді.
«Министрлік Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, Кенесары ханның бас сүйегі мен өзге де мәдени құндылықтардың орналасқан жерін анықтау жұмыстарын жалғастыратынын хабарлаймыз», – делінген ведомство жауабында.
35 жылға жуық уақыттан бері іздестіріліп келеді
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері соңғы қазақ ханы Кенесары Қасымұлының бас сүйегі мен жерленген орнын анықтау мәселесі бірнеше рет көтерілген.
Осы уақыт ішінде тарихи тұлғаның сүйегін табу мақсатында арнайы экспедициялар ұйымдастырылып, архив құжаттары зерттелген. Сондай-ақ болжамды деректерді тексеру үшін ғылыми-зерттеу және далалық іздестіру жұмыстары жүргізілген.
Министрлік бас сүйектің орналасқан жері туралы мәлімет болуы мүмкін ұйымдарға да ресми сауалдар жолдаған.
Алайда осы күнге дейін ұсынылған болжамдардың ешқайсысы ғылыми тұрғыдан расталмаған.
Ғылым және жоғары білім министрлігі де Kursiv Media сауалына берген жауабында Кенесары Қасымұлының сүйегі қайда екені туралы ресми расталған ақпарат жоқ екенін мәлімдеді.
Ведомствоның мәліметінше, 2014 жылы арнайы іздестіру жұмыстары жүргізілгенімен, тарихи жәдігердің табылғанын дәлелдейтін нақты деректер анықталмаған.
Кенесары ханның бас сүйегі Ресейге қалай өткен
Қырғыз тарихшысы Оскон Осмоновтың мәліметінше, бұл оқиға XIX ғасырдың ортасындағы тарихи жағдайлармен байланысты.
Ресей империясының отарлау саясатына қарсы күрескен Кенесары Қасымұлы Жетісу өңіріне шегініп, қырғыз руларын Ресей империясы мен Қоқан хандығына қарсы ортақ күреске біріктіруге ұмтылған.
Алайда Орман хан бастаған қырғыз билеушілері оның талабын қабылдамаған. Кейін екі тарап арасында қарулы қақтығыс басталып, 1847 жылы Кенесары хан тұтқынға түсіп, қаза тапқан.
Тарихшының айтуынша, қырғыз билеушілері Ресей империясына адалдығын көрсету және әскери жеңісін дәлелдеу мақсатында Кенесарының кесілген басын Омбыдағы генерал-губернатор Горчаковқа жіберген.
Кенесары ханның бас сүйегі Ресей аумағына осылай жеткізілген болуы мүмкін деген тарихи болжам бар. Алайда оның кейінгі тағдыры мен қазіргі орналасқан жері әлі анықталған жоқ.
Кенесары Қасымұлы – Қазақ хандығының соңғы ханы, 1837–1847 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалыстың жетекшісі. Ол 1841 жылы хан сайланып, Ресей империясының отарлау саясатына қарсы күресті басқарған.
Қазақстан билігі тарихи тұлғаның сүйегін табу және елге қайтару мәселесін алдағы уақытта да көтеруді жоспарлап отыр.
Қаз
Рус






