Қызылордада электросамокатты бір сағатқа жалға алу құны қанша?

988
Қызылордада жалға беріле бастаған электросамокаттар әр жерде қалып қоюда,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.
Қазіргі таңда жастардың арасында сұранысқа ие транспорттың бір түрі электросамокаттар. Осы уақытқа дейін велосипедтер көп қолданыста болса, заман талабына сай, әрі қолданылуы өте жеңіл электр қозғалтқышы бар екі доңғалақтағы қозғалыс құралының тиімділігі көбірек. Тіпті қаламыздағы көптеген көшелерді автокөліктерге қарағанда электросамокаттар қаптап кеткен дерсіз. Бұл электросамокаттардың қолданылу жүйесі өте жеңіл. Яғни қолыңыздағы ұялы телефонда арнайы Jet бағдарламасы болса болғаны, діттеген жеріңізге жедел түрде жете аласыз. Әсіресе студенттерге таптырмас қозғалыс құралы деуге болады. Қаланың адам көп шоғырланатын орталықтарында арнайы тұрақтары орналасқан. Дамыған цифрландырылған замануи    қозғалыс құралы экологиялық тұрғыдан да халыққа зияны жоқ. Десекте, халық қалтасына тиімсіз. Яғни Jet   бағдарламасында техникалық ахаулар бар. Сонымен қатар, аталмыш самокаттардың жүру уақыты минутына 25 теңгені құрайды. Есептеп қарасақ, 1 сағатта 1500 теңгені құрайды. Сонда халық үшін емес, кәсіпкер үшін тиімді екендігін аңғарамыз. 
     «Періште алтын көрсе, жолдан таяды» демекші кей адамдар «қол сұғанақтыққа да» ерік беріп жатыр. Қолданған затты тастап кетуге ерінеді ме? Әлде «қыруар қаржыға сатып алғанша, даладағы тегін тұрған зат қой» деп, меншіктеніп жүргендердің де қатары азаяр емес. Кейде тіпті жүруге  қолайсыздық тудырып, адамдарға зиян келтіретін жерлерге де  қойып кетіп жатыр. Әрбір заттың сұрауы бар дегендей, бұл мәселеде ұрланып, не сынған жағдай да заң арқылы шешілетінін қарапайым халық қашан түсінер екен. «Бір құмалақ, бір қарын майды шірітеді» дегеніміздей бір адамның қылмысы  барлығымызға   титтейде болсын әсер ететіні анық. Осы орайда, «Республикамыздағы пандемияның ушығуына байланысты халықты қоғамдық көліктермен көп шоғырланбас үшін еліміздің ірі қалалары Алматы, Нұрсұлтан, Ақтау және Қызылорда қалаларына электросамакаттар  орналастырылды. Жоба барысында 1 млн АҚШ доллары жұмсалды. Электросамокаттың толық қуат күші таусылып, істен шыққан жағдайда GPS құрылғысы автоматты түрде іске қосылып, біздің қауіпсіздік мамандарына шұғыл хабарлап тұрады. Электросамокаттар ұрланған жағдайда іс заң бойынша қаралады»- дейді  «TarlanContract» ЖШС мекемесінің директоры Қыстаубаев Марат Тұяқбайұлы. 
  Сонымен қатар, алдағы уақытта еліміздегі халық жағдайын жақсарту мақсатында электровелосипедтерді іске қосу жоспарда бар екендігін тілге тиек етті. Жастардың да жаңашылдыққа жаны бейім келеді. Осы JET самокаттары қаламызға келгелі бері, үнемі қолданысқа  тұтынып жүрген жастардың бірі: «Мен өзім бұл құрылғыны көп қолданамын. Көбіне қала ішіне айдауға ыңғайлы, себебі электросамокаттардың тұрақтары адам көп шоғырланатын жерде орналасқан. Жалпы қолданып болғаннан кейін картада көрсетілген кез-келген жерге қойып кетуге болады.Ең  бастысы адамдарға және көліктерге зияны келмесе болғаны. Минутына 25 теңгеден. Ұялы телефондағы Jet бағдарламасында орналасқан және электросамокатта көрсетілген QR-кодты сканерлеген кезде, электросамокаттың неше процент батареясы бар және қанша уақыттағы  ұзақтылыққа жеткілікті екенін көрсетіп тұрады. Бірақ бір минусы телефондағы Jet бағдарламасы кей-кезде дұрыс жұмыс жасамай қалады».-дейді қала тұрғыны Жанарыс.
     Сонымен бастапқы кезде тұынушылар электросамокаттарға қызығушылық танытып жатыр. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, Қызылорда қаласында минутына 25 теңгеден болса, Ақтау қаласында минутына 20 теңгеден. Алайда алдағы уақытта баға өзгертіледі деген үміттеміз. Себебі 1 сағатқа 1500 теңге. Бұл дегеніміз қара халықтың қалтасын жұқартатыны анық. Оның үстіне тұтынушылардың басым көпшілігі студенттер мен жоғары сынып оқушылары екендігін ескерген абзал. Jet бағдарламасындағы біршама олқылықтарды да   бір бағытқа ретелсе де нұр үстіне нұр болары анық. Қазіргі таңда жастардың кеңінен қолдануына техникалық ахаулар кедергі келтіретіні тағы бар. Десек те, ХХІ ғасырдың жаңалыққа жаны құмар,   қазақ елінің ертеңгі ұрпағы, әрдайым биік белестерді бағындырып, ел  болашағының дамуына өзіндік үлес қосатын саналы да салиқалы ұрпақтың қосар үлесі азаймасын. 
 
 
журналист,
Ғалия ЕРЖАНҚЫЗЫ