БАТАЛЫ СӨЗ - БАЛАҒА АЗЫҚ

1 769
Бүгінгі таңда қазақ халқының ұлттық құндылықтары,  әлем халқын ерекше таңдандырып отыр. Әсіресе
қазыналы қарттарымыздың беретін баталары, – деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.

Қазақтың баталы сөздері сан ғасырлар  бойы жақсылық тілеу әдебі ретінде қолданылып келе жатыр. «Жаңбырмен жер көгереді, батамен ел көгереді» демекші, халқымыз батаны ерекше қастерлеген.  Бата  берудің де өзіндік ұстанымы болатын. Осы орайда,  көпті көрген, елге сыйлы,  үлкен ақсақалдардан сұрауды жөн санаған. Жас ұрпақты «Үлкеннің алдын кеспе, батасын ал!» деп жастайынан санасына кұйып өсірген ұлтымыздың бүгінде сол баталы ақсақалдарымыз бен кейуаналарымыз бар ма екен? Бата күллі жамандықтың бетін
қайтарып,  сақтандырып, жастарды, ізгілікке, мейірімділікке және де қайырымдылыққа баулиды. Сондықтан да батаны көбіне үйдің кежесі не жас өспірім балдар сұрайтын. 

 Қазақ салт-дәстүрінде батаның бірнеше түрін кездестіруге болады. Атап айтсақ, жаңа туған нәрестеге бата, асқа бата, ұл мен қызға бата, келінге бата, сапар бата, жастарға бата, сүндет той батасы, Наурыз батасы, Ораза айт батасы, жарапазан батасы т.б бөліп қарастырылған.  Әр  адам батаны әр қалай береді.  Бата ең әуелі «Бисмилла» сөзінен   басталып,  ары қарай «Бар бол», «адал бол», «тіл көзден сақтасын» деп берсе, енді бірі «Мұхамедтің иманын, Фатиманың даналығын берсін» деп, Алладан алақан жайып тілеп жатады. Бұл көргені мен  білгені мол   салиқалы ұрпақты тәрбиелеп отырған қарияларымыздың батасы болса,  ата сөзі аузында болса да біз «коммунистік» тәртіпте болғанбыз деп батаны білмей тілекпен шатастырып жататындары да жетерлік. Сонымен қатар, қазақ салт-дәсүрінде   жақсылыққа ғана емес, жамандыққа   қарғыс түрінде  айтылатын «теріс» бата түрі де бар. Мысалға: нала болған адам: "Жете бергенде желкең үзілсін, отыра бергенде орның ойылсын, орта жолда атың өлсін, тістей бергенде тісің үгілсін" деген қарғыс бата түрінде кездестіруге болады. Теріс бата көбіне ата-анасының разылығын алмаған, елін сатқан сатқындарға айтылатын болған. Теріс бата түрін көбіне әдеби шығармалардан кездестіруге болады. Қазіргі таңда теріс бата түрінің айтылып жатқанын кезіктіре бермейміз.Ол дегеніміз, өскінші ұрпақтың саналы да салиқалы тәрбиеде болғандығының айнасы.  Лайым теріс батадан гөрі, «Өркенің өссін, абыройлы азамат бол» дейтін оң бата түрін жиірек естуді нәсіп қылсын. 

 Расында, бүгінде  жастарға ақыл айтып, батасын беріп отыратын жөнді «батагөй» қарияларымыз сиреп бара жатқан секілді. Бата сұрасаң тілек айтып, соңын тостқа айналдырып,  «Әумин» деудің орнына  «Сол үшін алып қояйық» деп  аяқтап жатқан ел ағаларын да көптеп кездестіреміз. Сонда, бабадан балаға мұра болып келе жатқан   бұл дәстүріміздің қадір қасиетін   жете түсінбегеніміз бе? Кезінде батаны ауызында Алласы бар көреген кісіге айтқызса, енді қазір ішімдікке сылқия тойып алған қария  құдаларына беріп жатқанынын да көреміз.  Әрине көпке топырақ шашудан аулақпыз. Алайда, қазіргі таңда жөнді ақылын айтып, батасын беріп отыратын  қарияларымыз шынында  салт-дәстүрге немқұрайлы қарайтыны  ма? Осы орайда, қаламыздың орталығына барып жолда, кездескен ел ағаларымен сұхбаттасып көрдік.



  Расында көбіне батаны ас ішіп болғаннан кейін қайтарамыз дейді. Сұхбаттасу барысында ел ағаларының кейбірі көше бойында батасын беріп, ақ жол тілеп жатса, енді бірі білмеймін, біз инвалидпіз деп сұрағымызға жауап бермей жалтарғанын көруге болады. Сонда бата беру  үшін он екі мүшеміз сау болуы керек пе? Кезінде ата-бабаларымыз қолдары шолақ болса да, дастархан басында, яки болмаса алдына келген жас балаға бата бермей тұрғызбайтын. Бүгінгі қарттарымыздың ойы шолақ болғаны ма?  «Аурумыз» деген ұстанымды алға сүйрейтін қарттарымыз өсіп келе жатқан ұрпаққа не өнеге-тәрбие береді? Өкініштісі, кейбір қарияларымыздың бойынан бүгінгі таңда   бұндай қасиеттерді көре алмадық. Бір өкініштісі  «Бір қарияның кесімді сөзі елін, бір кемпірдің  кесімді сөзі келінді тәрбиелеген» қазақ әр сөздің  мән мағынасына жете түсінген бабаларымыздың ізін жалғаған   бүінгі қарияларымыздың саны азаюда. Қазыналарымыздың саны бар да сапасы жоқтың кейпін киіп жүрмейік. «Ата сақалы» аузына түскен шағында бір қайырым батасын бере алмаған жандардан ақыл сұрауға да қынжылатын нәубат заман туғандығы осы болар...
 
журналист,
Динара БАУЫРЖАНҚЫЗЫ