Қала әкімдігіндегі қателік үшін, мұғалімдер ақша қайтаруы керек пе?

1 088

Екі үш күннен бері қала  мектептерінде мұғалімдер арасында гу-гу әңгіме мен түсініспеушілік орын алуда. «Бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық» дегендей бірнеше жыл бұрын мемлекеттен қолдау есебінде төленген төлемдерді мұғалімдерге ГОРОНО қайта «ҚҰСТЫРЫП» жатқан көрінеді. Байғұс бәріне көнгіш мұғалімдер өздері беріп, өздері қайтаруды талап етіп жатқан бұл былықтың мәнісін түсінбей дал болуда. 

Тарқатып жазайық:

Даудың басы Қызылорда қалалық маслихатының 2019 жылғы 23 тамыздағы №252-45/4 «Ауылдық елді мекендерде тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттік денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария ұйымдарының мамандарына бюджет қаражаты есебінен коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау көрсету тәртібін және мөлшерін бекіту туралы» шешіміне сәйкес мұғалімдерге әлеуметтік қолдау көрсетілген. 

         Бұл әлеуметтік көмекті мемлекеттің педагогтарға жасаған кезекті қолдауларының бірі деп түсінген мұғалімдер ақыры осылай дау боларын білмедік дейді. 

         Арада быраз уақыт өткен соң, әлеуметтік төлемдермен айналысатын Қызылорда қаласы әкімдігіне қарасты Қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөліміне Қызылорда облыстық тексеру комиссиясы келеді.   2021 жылдың 3 қыркүйегінде   шығарған аудиторлық есебінде қорытынды есебінде 2019-2020 жылдары қалаға қарасты елді мекендерден қалаға қатынап жұмыс істейтін білім саласының 69 маманы мен жеке мекемелердің 6 маманына төленген әлеуметтік төлемді кері қайтару туралы талап қояды.  

         Тексеру комиссиясы Бұзушылықтың  орын алу себебін  бөлімнің жауапты қызметкерлерімен әлеуметтік қолдау түрін көрсету тәртібін сақтамауы деп қорытынды шығарған. Ал енді елді мекеннен қатынап жұмыс істейтін жазықсыз мұғалімдердің кінәсі не?  

         Сонда әрқайсысы өз алдына шешім шығарып, өз беттерімен жұмыс жасауды әдетке айналдырған ба?

         Мына мәселеге облыстың бас ұстазы Ақзира Қасымова неге араша түспей отыр. Әлде мұның астарында бір білмейтін мәселелер бар ма?

         Тіпті кей мұғалімдер мемлекет тарапынан жасалып жатқан басқада қолдаулардың да соңында осындай талап пен «қудалау» шықпай ма деп қорқып жүрген көрінеді. 

         Жоғарыдағы жазылған мәселені құзырлы мекемелер жіті зерделеп, дұрыс шешім шығарып, әлеуметтік көмек алған әр мұғалімнің артында бір-бір жанұя тұрғанын ескерсе дейміз. Қателік жіберген сала мамандарының жауапсыздығына, қарапайым мұғалімдердің кінәсі қанша деген сауал көкейге келеді. 

Саққұлақ