VIP ұшақтар үшін жылына 516 миллион теңге: Премьер-министр кеңсесі іссапарлар үшін қанша ақша жұмсайды?

412

Мемлекеттік сатып алу порталында премьер-министрдің кеңсесі келер жылғы чартерлік рейстерге 516 миллион теңгенің тендерін жариялады- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап. 

Талап бойынша Асқар Мамин мен оның орынбасарлары елдің әр аймағы мен шетелге тек ВИП, яғни ең қымбат ұшақпен қатынайды. Үкімет отырысында журналистерге жауап бермейтін, жиынды тек экран алдынан өткізетін Асқар Мамин мен оның орынбасарлары жай ұшақпен ұшпайды. Міндетті түрде былғары креслосы бар, борты кең, ішетін ас-суы да ақсүйектердің мәзіріндегідей болуы шарт. Ол ұшаққа өзге әуе кемесіндегідей көп адам отырмайды. Орын саны шектеулі. Мемлекеттік тапсырыста мұның барлығы анық жазылған.

Ұшақта  білікті екі ұшқыш, екі техникалық инженер мен екі бортсерік қызмет көрсетеді. Мысалы, премьер-министрдің орынбасары Роман Склярдың 25 мамырдағы Ақтауға іссапары кезінде тек бір бағыттағы ұшағына 12,5 миллион теңге жұмсалған.

Ал жыл сайын ел қазынасынан премьер мен қол астындағы шенеуніктердің ұшағына 516 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалады. Журналист Ербол Мәндібек Үкімет басшыларының  өз алдына әуе компаниясын ұстау қажеттілігі жоқ дейді.

“Үкіметке өз алдына әуе компаниясын ұстауға болмайды! Үкімет мейлінше ашық болуы керек. “Қайда ұшып жатырсың, қайда тұрып жатырсың, немен жүріп жатырсың? Шығының қанша? Барлығы көрсетілуі керек. Өйткені оның барлығы халықтың қалтасынан алынып отыр ғой”, – дейді журналист Ербол Мәндібек. 

Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов те үкімет ВИП ұшаққа елдің қазынасынан жөн-жосықсыз қаржы жұмсайды деп отыр. Кейбір аймақ тұрғындарымен жүздесуге таксимен барып жүрген депутат Үкіметтің ұшағына жұмсалатын миллиондарды үнемдеп, шағын кәсіпкерлердің бизнесін дамытуға бөлейік дейді.

“Жөн-жосықсыз халықтың қаражатына ұшып барған, қалай ұшып барса да, сол 1,5-2 сағаттық жол ғой. Оған кез келген ұшақпен ұшып баруға болады. Шенеуніктер үнемдеуді өздерінен бастау керек. Ал нұрсұлтандықтардың кейбірі ВИП ұшаққа осыншама миллиондардың жұмсалатынын естіп, аң-таң!” – дейді мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов.