Жамбыл облысында 108 гектар аумаққа егілген мыңдаған талдар қурап кеткен
397
Жамбыл облысында 108 гектар аумаққа егілген мыңдаған талдың түгі қалмай қурап кеткен- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
Бірнеше жыл бұрын шенеуніктер қала шетіндегі зауыттармен бірігіп, "Жасыл белдеу" жобасы аясында 108 гектар алқапқа мыңдаған тал еккен. Әу баста бұл бастама арқылы облыс орталығын жасыл желекке айналдыру көзделіпті. Бірақ жоба аяқсыз қалып отыр. Себебі жүз гектар аумақты алып жатқан тоғай тұтастай қурап, қоқысқа толған. Қазір егілген қалың қараталды маңайдағы зауыттардан шыққан әппақ күл басқан.Табиғат жанашыры Рауф Сәбитов желіде таралған роликті көргенде ашуландым дейді. Өйткені жылда тал отырғызуға қыруар қаржы бөлетін шенеуніктер Жамбылды жасыл желекке айналдырудың орнына, бар ағашты өсіре алмай отыр деп қынжылады.
“Ағаштардың не себепті қурап қалғанын анықтап жатқан ешкім жоқ. Сараптама да жасалмайды. Түрлі жоба аясында мыңдаған түп тал егеді, ал олар жыл өтпей қурап қалады. Шенеуніктер ағаш отырғызуға келгенде ақшаны желге шашып жүр. Ағаштардың соншама қурап кеткенін көріп, шошып кеттім”, – дейді табиғат жанашыры Рауф Сәбитов.
Қалалық әкімдік өкілдері қурап қалған ағаштарды ерте көктемде еккендерін айтты. Сөздерінше, биыл тағы 32 гектарға 42 мыңға жуық жас көшет егіліпті. Ол үшін бюджеттен 12 миллион, оны күтіп-баптауға 10 миллион теңге бөлінген.
“Біз оларды күтіп-баптаймыз. Енді ол жерде, өзіңіз білесіз, вегитациялық мерзім дейді ғой, өзінің әр уақытысында еккенде шықпай қалған талдар бар. Біз, мысалы, күзде және көктемде уақыты келген кезде қурап кеткен жерлерде қайта тал егетін боламыз”, – дейді Тараз қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы Зият Тұрсынұлы.
Талдары қураған тоғайдың бір бөлігі металлургия зауытына қарайды. Кәсіпорын экологі ағаштардың өспей қалуын көрші тұрған гипс зауыттарынан шығатын зиянды қалдықтармен байланыстырып отыр. Әрі қазір тал-дарақты суарып тұру да қиын дейді. Себебі бұрынғыдай арық толы су жоқ. Ал ауыз сумен суғаруға тыйым салынған.