ҚЫЗЫЛОРДАДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК ДҮКЕНДЕР ТОЛЫҚ ЖҰМЫС ЖАСАМАЙ ТҰР

1 291
«Қызылорда қаласында әлеуметтік дүкендердің  жұмыс жасамай тұрғандардың саны күннен күнге артып отыр», - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.


Бүгінде қымбатшылық қысқан заманда халық көп тұтынатын әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы шарықтап тұр. Осы орайда, Қызылорда облысы әкімдігінің 2019 жылғы 9 қыркүйектегі № 56 қаулысы «Қызылорда облысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидаларын бекіту туралы» қаулы қабылданып, 19 өнім бағасы арнайы бақыланып отырады делінген. Атап айтқанда, 1 сорт ұн, нан, күріш, қарақұмық жармасы, күнбағыс майы, сары май,   макарон, картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат, сиыр еті, тауық еті, тұз, жұмыртқа, құмшекер, ірімшік, сүт өнімдері саудалануда. 
Осы орайда, өңірдегі бағаны тұрақтандыру мақсатында Қызылорда қаласының әкімшілігі тұрмысы төмен, көпбалалы  отбасыларға арнап  жалпы саны 34 оның ішінде ет өнімдерін сатуда  2-і әлеуметтік дүкен қала ішіне орналастырылған болатын. Арқаны мұздатып, қалтаны қаққан заманда әлеуметтік дүкендердің толық жұмыс жасауы бүгінде халық үшін маңызды рөл атқарады. Өйткені, аталмыш дүкен сөрелеріндегі бағалар  қарапайым қала тұрғындары үшін қолжетімді. Алайда, әлеуметтік дүкендердің бірнешеуі  бүгінде халыққа қызмет етіп тұрса, енді бірі «Ревизия» жүргізілуіне байланысты дүкен жабық деп  ескертілсе, тіпті бірінің есігінде орналасқан қара құлыптың ашылмағанына да біршама уақыт болғандай. Осы орайда, «СПК Байконур» мекемесі жауапты маманының айтуынша: «Қалада жалпы  саны 34  әлеуметтік дүкен орналасқан. Қазіргі таңда тек 27  әлеуметтік дүкен халыққа қызмет көрсетуде. Ал қалған 7- і  арнайы жеке инвесторлар тендрден ұтпайынша  осылай жұмыстары уақытша тұралап тұрады»- дейді.  Сонда, инвесторлар ұтпайынша халықтың қалтасы жұқара беруі керек пе? Бүгінде, Құлагер, Наурыз, Белкөл, Тасбугет, Сабалақ, Шанхай және Байтерек  мөлтек аудандарында әлеуметтік дүкендер жұмыс жасамай тұрғандығын да жасырмады. Десек те, алдағы уақытта қайта қалпына келіп, дүкендер жұмысын қайта бастайтындығын алға тартты.
«Сабалақ саяжайында әлеуметтік дүкеннің жабық тұрғанына біраз болды. Алғаш ашылғанда қатты қуанып едік. Алайда қуанышымыз су сепкендей тез басылып қалды. Өйткені, ашылуынан жабылуы тез болды. Бұл маңда тұратындардың көбі көпбалалы аналар.  Жәй дүкенге барып  сауда жасауға бірінің қалтасы көтерсе, енді бірінің қалтасы көтермей жатады. Осы орайда, үкімет басындағы басшылар  қайтадан әлеуметтік дүкеннің ашылуын қолға алса екен», - дейді көпбалалы ана.  
Шынымен де, көпбалалы аналардың талап етуі жөнді секілді. Өйткені,  қоғамда жалғыз басты көпбалалы аналардың барында ұмытпауымыз керек.  Бір жәрдемақымен біршама жанды бағып отырған аналар үшін әлеуметтік дүкендердің үздіксіз жұмыс жасап тұруы маңызды. Үкімет тарапынан ұсынылып отырған жәрдем ақыға азық-түлік алады ма, әлде шарықтаған коммуналдық төлемдерін төлейді ме? 
«Наурыздағы әлеуметтік дүкен біраз уақыттан бері  жабық тұр. Негізі дүкен арнайы  ауылдарды әлеуметтік маңызы бар заттармен қамтамасыз етуі керек емес пе?! Мемлекет тарапынан ұсынылып отырған жеңілдіктерді  неге   уақытында  қарапайым халық пайдалана алмайды?  Мүмкіндік болып  жатса мен-ақ ашайын,   сол жабық тұрған әлеуметтік дүкенді», - дейді Бауыржан. 
Кәсіпкерлердің тендерді   игерсем бе деп, ойланып уақыт созып жүргенінде, халық әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті «удай» бағамен тұтынуы билік үшін тиімді болғаны ма?  Ниеттеніп, кәсіп ашып, әлеуметтік дүкеннің жұмысын жүргіземін деп құлшынғандарға неге демеу болмасқа? 
Сонымен қатар, «Шанхай мөлтек ауданындағы әлеуметтік дүкеннің қойылғандығы ондағы нарықтан төмен баға санамызға қонымды еді. Сауда жасауымызға да өте ыңғайлы және арзан. Енді   дүкеніміз жабық, жұмысы тоқтап тұр. Осыларды қадағалайтын мекеме бар ма?», дейді қала тұрғыны Лаура.
Жалпы, әлеуметтік дүкендердің сөрелеріндегі берілген әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бірі қолжетімді бағада болса, енді бірі жәй дүкендердің бағаларымен пара-пар. Себебі, арнайы қабылданған қаулы барысында тек қана 19 тауардың бағасына бақылау орнатылған, ал өзге де азық-түлік пен керек жарақтарға шектеу қойылмаған. Ол дегеніміз, кәсіп иесінің еркінде.  Десек те, әлеуметтік тауарлар бүгінде дүкен сөрелерінен табыла қоймасы анық. Атап айтқанда құмшекер, жұмыртқа  сынды тауарларды қашан барсаңыз сатып алу мүмкіндігі болмайтындығы тағы бар. Шындығында  әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қол ұстатпай кететіндігін жеткізіп берушілер мен жергілікті билік басындағы ел ағаларының хабары бар ма? Әлде сен тимесең, мен тименің кейіпін киіп отыр ма? Ат тізгінін ұстағандар осы халықтың көп тұтынатын дүкендеріне шолу жасап шықса нұр үстіне нұр болар еді. Құлақпен естігенше, көзбен көрген дұрыс демекші, ат басын бұрып халық арасына етене араласса деген ниет пен тілек қана.
АЙБАР