Шымкент облысының әкімдігі жаңа жылдық безендіруге 80 млн теңгеге жуық қаражат бөлмек
297
Мемлекеттік сатып алу порталының ақпаратына сай, биыл да жаңа жыл қарсаңында елдегі қалаларды безендіруге миллиондар жұмсалады. Мәселен, Шымкент пен Павлодарды түрлі жарық шамдарымен көмкеріп, безендіру үшін әр қалаға 80 миллионға жуық теңге керек екен- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
Ал мұны естіген тұрғындар миллиондарды шашу ысырапшылдық деп отыр.Биыл Павлодар қаласының әкімдігі жаңа жылға тіпті сәуірден бастап дайындалған. Мемлекеттік сатып алу порталында конкурс жариялап, қаланы безендіруге екі лотты қосқанда 80 миллионға жуық теңге жұмсап отыр. Миллион тұрғыны бар Шымкент те қалыс қалмай, қазынадан 76 миллион теңгеден астам қаржы сұратқан.
Бұл қаржыға қаланың орталық көшелерін Тұңғыш Президент, Тәуелсіздік күні және жаңа жыл қарсаңында безендіру қарастырылған. Жарық диодты шамдардан құралған әшекейлер ғимараттар мен басқа да нысандарға сән бермек. Осы мақсатта Қостанай, Талдықорған, Семей де миллиондарға қаланы безендіруді жоспарлап отыр. Ал тұрғындар бұл ақшаны бекерге шашу дейді.
“Осынша ақшаны шашудың не қажеті бар? Былтырғыларды қоя салуға болмай ма?” – дейді Шымкент тұрғыны.
“Қалада көп балалы, жалғызбасты аналар жетерлік. Олардың қаншасы әлі далада қаңғырып жүр. Менің ойымша, соларға көмек беру керек”, – дейді қаланың тағы бір тұрғыны.
Техникалық ерекшелік бойынша, қыруар қаражат қалада шыршалар және түрлі түсті шамдар орнату үшін қажет. Ал Семей шенеуніктері жаңа жылға 10 миллионнан астам теңгеге жұлдыздарға тапсырыс берген. Жердегі жұлдыздар емес, көктегі жұлдыздар болады.
“Жаңа жыл мерекесі келе жатыр. Сондықтан халықтың көңіл күйін көтеру үшін, қаламызды безендіру үшін жұлдызды аспанды деген жобамызды іске асырып жатырмыз”, – дейді Семей қаласы әкімдігінің абаттандыру секторының қызметкері Қанатжан Жылқыбаева.