Қаңтар оқиғасы қалай болды?

4 970
2022 жылы қаңтар айының басында елімізде тұрғындар тарапынан наразылық шаралары орын алған болатын, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.


Сұйытылған газдың  кенеттен қымбаттауына байланысты Қазақстанда басталған наразылық шаралары  2 қаңтарда бастау алған. Оқиғалар тәуелсіз Қазақстанның 30-жылдық тарихындағы ең қарқынды әрі қатал қақтығысқа айналды. Қазақстандықтар үшін ауыр әрі қайғылы басталған жылдың  еліміздің бірнеше ірі қалаларында наразылық пен тәртіпсіздік болып, жүздеген нысан өртке оранды. 200-ден астам адам қаза тауып, мыңдаған адам жарақаттанғандығы мәлім болды.

Жаңаөзеннің халқы сұйық газдың 60 теңгеден 120 теңгеге көтерілуіне наразылық танытқан болатын. 4-ші қаңтардаАлматы қаласындағы  "Алатау" театрының маңына, ал Қызылорда қаласында Назарбаев көшесінің бойына жиналған болатын. Көпшілік жиналған орынға қаланың әр түкпірінен, тіпті облыстан да адамдар көптеп қосылды. Тіпті, алаңға жиналған шерушілер полиция көліктерін қиратып, олар өртке оранды. Жүздеген адам қамауға алынып, 4 қаңтар күні түнде ел аймағында интернет байланысы өшірілді. Маңғыстау облысы мен Алматы қаласының аумағында төтенше жағдай енгізілді. 5 қаңтар күні таңертең үкімет басшысының отставкаға кеткені де белгілі болды.




Елдегі жағдайдың шиеленісуіне байланысты, 5 қаңтарда төтенше жағдай Қазақстанның барлық аумағында енгізілді. Шерушілер маңызды нысандарға шабуыл жасап, әкімдік ғимараттары, полиция мекемелері мен дүңбіршіктері  наразы халықтың қолына өтті. 


Тәртіпсіздікке қатысып, қамауға алынған адамдардың саны 10 мыңға жуықтады. Тонаушылық пен бұзақылықтың салдарынан кәсіпкерлерге келтірілген шығынның мөлшері 100 миллиард теңгеден асты.


Тәртіпсіздіктердің салдары


ҚР Бас прокуратурасы мен Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес  (2022 жылдың 15 қаңтары), елде тәртіпсіздіктер кезінде:
•    225 адам қаза тапқан, оның ішінде 19 полиция қызметкері мен әскери бар;
•    Қаза тапқандардың 175-і медициналық ұйымдарға жеткізілгеннен кейін қайтыс болған;
•    265 адам ауруханаға жатқызылған, оның 67-і ауыр халде;
•    4553 адам жарақаттанған, оның ішінде 3393 құқық қорғау органдарының қызметкері.
ІІМ Тергеу басқармасының бастығы Санжар Әділовтың ақпараты бойынша (2022 жылдың 25 қаңтары)
•    ғимараттарға шабуыл Алматы, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Өскемен, Ақтөбе, Атырау және Семей қалаларында орын алған;
•    1466 түрлі ғимараттар мен құрылыстарға шабуыл ұйымдастырылған, оның ішінде 71 мемлекеттік мекеме, 12 әкімдік ғимарат және 27 полиция нысаны бар;
•    1395 бизнес нысаны тонаушылыққа ұшыраған;
•    700 астам автокөлік қиратылған немесе бүлінген, оның көп бөлігі мемлекеттік органдарға тиесілі қызметтік көліктер, 116-сы бейбіт тұрғындарға тиесілі.


Прокуратура мәліметіне сәйкес (2022 жылдың 25 қаңтары):
•    сотта 9257 әкімшілік іс қаралған;
•    4584 адамға сот ескерту жасаған;
•    прокурорлардың ұсынысы бойынша 1149 адам қамаудан босатылған;
•    577 айыппұл ескертуге ауыстырылған;
•    393 әкімшілік іс құрамының болмауына байланысты қысқартылған;
•    сот шешімімен әкімшілік қамауға 3314 адам алынған, оның 63-і қамауда отыр;
•    тергеу-жедел топтардың өндірісінде 2044 қылмыстық іс бар, олар бойынша 898 күдікті қамауға алынған;
•    қамауға алынғандардың 802-сі соттың рұқсатымен қамалған, 50-і үйқамаққа алынған, 21-і кепілге, 12-сі ешқайда кетпеу туралы қолхатпен, 13-і әлі де қаралып жатыр.



Билік өкілдері ресми түрде қаңтар оқиғалары кезінде 225 адам қаза тапты деген ақпарат таратқанымен, олардың есімдері жарияланған жоқ. Қазақстандық белсенділер мемлекеттен бұл тізімді жариялауды талап етіп, петиция астында қол жинай бастады. Оған қоса qantar2022.org сайты ашылып, онда қаңтар оқиғалары кезінде зардап шеккен, ұсталған, жараланған және қаза тапқан адамдар туралы ақпарат жинала басталды. Қаңтардың соңында жарияланған Азаттық радиосының тізімінде қаза тапқан 184 адамның аты-жөні жазылған. Бұл ақпаратты жинаумен Бақытжан Төреғожина басқаратын «Ар. Рух. Хақ» қоры мен азаматтық белсенділер айналысқан болатын.
Бүгінде Алматы қаласында «Қаңтар құрбандары» үшін тағзым алаңы қойылып ескерткіш орнатылған болатын.