«Госзаказ» алатындар көп жағдайда соны жариялаушылардың туысы боп шығады

326
Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай Мәдениет және спорт министрлігі мен Білім және ғылым министрлігі тарапынан қосымша білімге бөлінген қаражаттың тиімділігін бағалау керек деп есептейді, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

«Мемлекет басшысының бұқаралық спорт және мәдениетті дамытуға жағдай жасау тапсырмасына байланысты 2021 жылдың 1 мамырынан бастап, жергілікті атқарушы органдар балаларды мәдениет және спорт бағытындағы қосымша біліммен, спорт және шығармашылық үйірмелер үшін мемлекеттік тапсырыстың жан басына шаққандағы механизмін жүзеге асыра бастады. 2022 жылдан бастап аталған екі бағыттан басқа білім және ғылым бағытындағы үйірмелерге де мемлекеттік тапсырыстар орналастырылуда. 5,8 млрд қаражат қарастырылған. 1523 мектептен тыс қосымша білім беру ұйымында 1.1 млн. бала үйірмелерге қатысады. Жалпы 2022 жылы қосымша білім берумен қамтылған балалар 2 461 775 баланы құрайды. Оның 43,68% – 1 502 951 қалада тұратын балалар, 26,7 % – 958 824 ауыл балалары», - деді ол үкіметке жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде балалар үшін қарастырылып жатқан осы қаражаттардың игерілуі жайында керағар ақпараттар бар. Мақсатты қарастырылған қаражаттың жұмсалуына сенімсіздік білдірген ата-аналар да көптеп кездеседі.

«Мемлекеттік тапсырысты алып отырған заңды тұлғалардың көпшілігі сол мемлекеттік тапсырысты орналастырушы органның қызметкерлерінің туысқандары, таныстары екенін де жиі айтады. Оқушыларды формальді түрде тіркеп қойып, мемлекеттік тапсырысты талан-таражға салуға жол берілмеуі тиіс. Осыған байланысты Мәдениет және спорт министрлігі мен Білім және ғылым министрлігі тарапынан қосымша білімге бөлінген қаражаттың тиімділігін бағалау және есеп беру критерийлері анықталсын. Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым Министрлігіне қарасты НОБД Ұлттық білім берудің мәліметтер базасындағы мәліметтерімен спорт және шығармашылық үйірмелер үшін мемлекеттік тапсырыстың жан басына шаққандағы механизмін жүзеге асыратын artsport.edu.kz платформасының мәліметтері біріздендірілсін. Еліміздің келешегі, ұлт болашағы болып табылатын балалардың несібесіне қол салуға жол бермеуіміз керек. Мемлекеттік тапсырысты алып отырған заңды тұлғаларға қойылатын талаптар күшейтілсін», – деді ол.