Рақымшылық туралы заң қабылданды: Қанша адам бостандыққа шығады

448

Парламент  Тәуелсіздіктің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы заңды қабылдап, президенттің қол қоюына жіберді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі. 

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, заң жобасының мақсаты – аса ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс
үшін жазадан босату және кейбір ауыр, аса ауыр қылмыстар үшін жаза мерзімін қысқарту.

"Рақымшылық ардагерлерге, кәмелетке толмағандарға, жасы үлкендерге, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге, қоғамға қауіп төндірмейтін адамдарға қолданылады", - деді министр сенат отырысында.

Заң жобасы мемлекеттік органдармен, қоғам қайраткерлерімен және сарапшылармен талқыланып, ғылыми-құқықтық сараптамалар жасалды.

Министрдің айтуынша, қазір республикада 64 мекеме мен 16 тергеу изоляторында 34 мың адам бар. Оның 30 мыңына сот үкімі шыққан. Қалған 4 мың адам тергеуде қамауда. 93%-і ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін қамауда отыр. 45%-і оның алдында бірнеше рет сотталған. Сонымен қатар, 32 мың адам пробациялық бақылауда тұр. 

"Заң жобасы бойынша 2 292 сотталушыға, пробациялық бақылауда тұрған 11 753 адамға рақымшылық жасалады. Нәтижесінде 1 мың адам қамаудан бостандыққа шығады, 3881 адам пробациялық бақылаудан босатылады. 1330 сотталушының, пробацияда тұрған 7492 адамның жаза мерзімі қысқартылады", - деді ол.

Сондай-ақ сотқа дейінгі тергеу өндірісіндегі 5 мың қылмыстық іс қысқартылады. Оның ішінде 1674 адам қылмыстық жауаптан босатылады. 1471 адамға сот органдарының жаза мерзімін қысқарту немесе босату ережелері қолданылады.

Ауыр және аса ауыр, сонымен қатар террористік және экстремистік қылмыстарға барған адамдар рақымшылыққа ілікпейді.
Парламент сенаты заңды бірауыздан қабылдады. Енді құжатқа мемлекет басшысы қол қояды.