Қарулы Күштерде тактикалық-саптық сабақтар өтті
301

Сабақтар үрдісіне сәйкес әскерлер жауынгерлік әзірліктің жоғары деңгейіне келтірілді. Жеке құрамды хабардар ету, басқару пункттерін жабдықтау, өзара іс-қимыл және жан-жақты қамтамасыз ету, сондай-ақ бөлімшелерді әскери қолдануға белгіленген аудандарға жіберу мәселелері пысықталды. Штаттық киім-кешектің, байланыс құралдарының, жеке қорғаныс құралдарының, түнгі аспаптардың, нысаналардың және басқа да әскери мүліктің саны мен жай-күйі тексерілді.

Жауынгерлік даярлық апталығының іс-шаралар кешенінде Қорғаныс министрлігі басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың басқару органдарымен өзара іс-қимылды ұйымдастыру мәселелеріне назар аударды.
Сонымен, Бас штабта, өңірлік қолбасшылықтарда және Десанттық-шабуылдау әскерлерінде ҰҚК Шекара қызметінің жедел топтарымен мемлекеттік шекараны күшейту бойынша бірлескен іс-қимылдар нақтыланып, іс жүзінде пысықталды. Мемлекеттік күзет қызметінің лауазымды адамдарымен Қарулы Күштердің бөлімшелерін стратегиялық маңызды объектілерді күзетуге және қорғауға тарту тәртібі үйлестірілді. ҚР Ұлттық ұланының өкілдерімен бірлесіп, міндеттерді орындауға жұмылдырылатын күштер мен құралдардың әзірлігін қарады.

Аумақтық қорғаныс бригадаларының басшылығы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше оқиғалардың салдарын жоюда ТЖМ бөлімшелерімен өзара іс-қимыл ұйымдастырды.
Әскери басқару органдарында бірлескен штабтық жаттығу өткізіліп, оның барысында қауіп-қатер артқан жағдайда әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері пысықталды.

Жергілікті әскери басқару органдарымен әскерге шақыруды ұйымдастыру және жұмылдыру ресурстарын жеткізу бойынша ауқымды жұмыс көлемі жүргізілді.
Биыл 2 желтоқсанда Қазақстанның Қарулы Күштерінде жаңа оқу жылы басталғаны осыған дейін де айтылған болатын. 2022 оқу жылына даярлық барлық санаттағы әскери қызметшілердің белгіленген міндеттерін орындаудағы әзірлігін арттыруға, әскердің одан әрі кәсіби өсуіне бағытталған. Жауынгерлік даярлық шараларының 80 мыңнан астам түрін өткізу, яғни оқу-жаттығулар, іс жүзіндегі оқ атулар, парашютпен секіру, жаттығу ұшулары, бөлімшелердің далалық жорықтары, кемелердің теңізге шығулары және жауынгерлік машиналарды жүргізу жоспарланып отыр.
