Жанқожа батыр көшесіндегі жерасты өткелінің құрылысы белсенді жүргізілуде
Қызылорда қаласында көлік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған маңызды жобалардың бірі – Жанқожа батыр көшесінен теміржол арқылы өтетін жерасты өткелінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бұл ауқымды жобаның негізгі мақсаты – теміржолдың арғы жағында орналасқан Шанхай, Коммунизм және Гагарин шағын аудандарын қаланың орталық бөлігімен көлік қозғалысының қауіпсіздігін сақтай отырып тиімді байланыстыру.
Қала тұрғындары үшін маңызы зор бұл құрылыс үш ай бұрын басталған. Қазіргі таңда мердігер ұйым – "СМК Аманат" ЖШС осы учаскедегі инженерлік-коммуникациялық желілерді ауыстыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл кезең – негізгі құрылыс жұмыстарының алдындағы ең жауапты сәттердің бірі. Коммуникацияларды қауіпсіз ауыстыру арқылы келешекте туындауы мүмкін техникалық ақаулардың алдын алу көзделуде.
Жобаның сәтті жүзеге асуы нәтижесінде аталған аудандардан қала орталығына қатынайтын тұрғындар үшін жол жүру әлдеқайда жылдам, қауіпсіз әрі ыңғайлы болмақ. Сонымен қатар, бұл өткел көлік қозғалысы кезінде теміржол өткелдеріндегі бөгелістер мен апатты жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Жергілікті әкімдік пен мердігер мекеме өкілдерінің айтуынша, құрылыс жұмыстары жоспарға сай жүргізіліп жатыр және жоба белгіленген мерзімде аяқталады деп күтілуде.







