"Яндекс.Такси" жүргізушілерінен де аз табады": Абаев мемлекеттік қызметкерлер жалақысының көтерілу себебін түсіндірді

270

Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев неліктен мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы жоғары болуы керек екенін айтты,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

"Біліктілігі төмен мемлекеттік жұмысшыны кезіктірсеңіз, есіңізде болсын, оның орнында отыруы тиіс сауатты маман банкте жұмыс істеп жүр. Не болмаса басқа коммерциялық компанияда. Мемлекеттік жұмыс бәсекеге қабілетсіз жұмыс берушіге айналды. Мұндағы сарапшы деңгейіндегі мамандар "Яндекс. Такси" және басқа салада көбірек табыс таба алады", - деді Дәурен Абаев. 

Оның сөзінше, Қазақстанда аймақтардағы мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы көтерілген.

"Себебі біліктілік мәселесі бірінші орынға шықты. Бұрын қалай еді? Әкімдік сарапшы лауазымына байқау жариялайды, ал өтінішті тек бір адам ғана береді. Өйткені жалақы аз. Оны ешкім тексеріп жатпайды. Келіп, жұмыс істесе жеткілікті", - деп қосты ол.

Сонымен қатар шенділердің қызметі үлкен жауапкершілікпен байланысты екенін де айтып өтті. 

"Жүздеген миллион теңгенің құжатына қол қойып жатқан министрлік немесе әкімдік басшысын елестетіп көріңізші. Егер тексеріс органдары бұл құжаттан бір қателік тапса ше... Жалақы жауапкершілік деңгейіне сай ма?", - деді Дәурен Абаев.

Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары министрлер мен әкімдер жалақысын сұрайтын журналистер туралы да айтып, қатаң сынға алды.

"Соңғы уақытта лауазымды тұлғалар қатысқан ешбір баспасөз конференциясы айлық жалақы мен азық-түлікке жұмсайтын қаржы туралы сұрақсыз өтпейді. Экономикалық қиын кезеңде көпшілігінің жауабы тұрғындар арасында сынға ұшырайтыны белгілі", – деді Дәурен Абаев.
 
Абаев журналистердің мұндай сауалдарын "хайп" деп бағалап, әріптестеріне де кеңесін берді. 

"Мұны "хайп" дер едім. Пара алуға қатысты заң бұзушылықтар, лауазымын асыра пайдалануды сынаумен келісемін. Мұнда барлығы орынды. Алайда журналист зерттеу жүргізіп жатқандай түрмен министр мен әкімге сауалға қойғанда менің күлкім келеді. Ал Үкімет пен әкімдіктегі әріптестеріме қызармай, байсалды түрде жалақылары жайлы айтуға кеңес берер едім", - деп түйіндеді Дәурен Абаев.