Қызылордада 300-ге жуық мұнайшы аштық жариялады

493

Қызылорда облысында 27 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан "Қуатамлонмұнай" компаниясының мұнайшылары жалақымыз он жылдан бері көтерілмеді деп наразылық білдірді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Экспресс К сайтына сілтеме жасап.


300-ге тарта мұнайшы жұмыстарын тоқтатып, күндізгі сағат 11:00-ден бастап аштық жариялады. Олар аштық жариялау үшін мекеменің спорт залында жиналды. Талаптары орындалмаса, 2 күн бойы жұмыс істемей, аш отырамыз деп бел буыпты. Мұнайшылар компания басшылығына үш талап қойып отыр.

Бірінші 10 жылдан бері көтерілмеген айлығымызды 50%-ға өсірсін. Екінші талабымыз 30 жылдық тәуелсіздігімізге орай 50 АЕК ақша берсін. Соңғы талабымыз компанияның экономисті мен кадр бөлімінің басшысын орынынан босатсын,- дейді мұнай бұрғылаушысы Қуат Асқарбекұлы.

Біз бұл шағымымызды бір жылдан бері құзырлы орган өкілдеріне де, компания басшылығына да айтып келеміз", — дейді мұнайшылар. Алайда әлі күнге дейін нәтиже болмапты. Сондықтан аштық жариялаудан басқа амалдары қалмаған. Қазір мұндағы ауыр жұмысқа жалданғандардың ең төменгі жалақысы 80 мың, ең жоғарғы жалақы 130 мың теңге көлемінде. Алайда қыстың суығына, жаздың аптабына қарамай жұмыс істейтін мұнайшыларға бұл жалақымен күнелту мүмкін емес дейді наразы топ.

Біз амал жоқ аштық жариялап жатырмыз. Айлық сол күйі тұр. Ал нарық өсіп жатыр. Біздің талабымыз орындалмаса, жалғастыра береміз,- дейді мұнайшы Алмат Тұрмаханов.

Наразылық болып жатқан жерге келген әкімдік өкілі мәселенің тез арада шешілмейтінін нақты айтты. Айтуларынша компания акционерлері бұл мәселені қарап жатыр. Сөзіне сенсек бұл ұзаққа созылуы мүмкін. Ал бірақ аштық жариялаған 300-ге тарта мұнайшы неге екені белгісіз кешкі 20:00 шамасында наразылықтарын тоқтатты. Бірақ талаптары орындалмаса, қайтадан аштық жариялайтынын айтты.