"270 теңгеге жетеді": Жаңа жылдан кейін елімізде жанармай бағасы көтерілмек
744
Жаңа жыл қарсаңында елімізде ең көп сұранысқа ие АИ-92 маркалы жанармай бағасы тағы да шарықтауы мүмкін,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап.
Қазақстандағы ең қымбат бензин еліміздің солтүстігінде. Петропавлдағы жанар-жағармай құю бекеттерінде жанармай литрі бір аптада он теңгеге көтеріліп, 189-190 теңгеден сатылып жатыр. Бұл көлік жүргізушілерінің наразылығын тудырды.
"Арзандату керек бензинді. Бізге немене, тиын-тебен табасың. Кетеді. Балық басынан шіриді. Оған не істейсің", – деді Петропавл қаласының тұрғыны Қозыбай Нұрмолдин.
"Жалақыны неге солай көтермейді? Халықтың дені әлі 100 мың теңгеге жетпейтін айлыққа күн көріп жүр. Бензиннің бағасын Ресейдікімен теңестіреді дейді. Онда бізге Американың айлығын төлесін", - деп мәлімдеді Петропавл қаласының тұрғыны Валентин Синиченко.
Әдетте көктем мен күзде ғана өсетін бензиннің бағасы биыл бірнеше рет шарықтады. Жыл басында 150 теңгеден сатылған, халық арасында сұранысқа ие АИ-92 бензинінің бір литрі бүгінде еліміздің барлық аймағында қырық теңгеге дейін өскен. Бірақ билік өкілдері жанармайдың бағасын тежеп тұра алмаймыз дейді.
"Бағаны арзандату үшін операторлармен кездесу ұйымдастырамыз. Келіссөздер жүргізіп, қалай да бағаны ұстап тұруға тырысамыз. Бірақ бағаны бәрібір нарық реттейді", – деді СҚО Кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Данияр Исаев.
Энергетика министрлігі бензиннің бағасы жаңа жыл қарсаңында өспейді деп мәлімдеді. Дегенмен келер жылы баға қалай құбылатын өздері де айта алмай отыр. Ал сарапшылар жанармай құнының күрт шарықтауына бірнеше фактор әсер етті дейді. Соның негізгісі, биылдан бастап бензиннің электрондық сауда арқылы ғана сатылуы, өндірушілер үшін тиімді екенін айтты.
"Бензиннің бағасы валюта курсына тәуелді. Қазір доллар қымбаттап барады. Бір доллар 440 теңге тұрады. Оның да әсері тиіп жатыр", – дейді сарапшы Ерлан Жаукин.
Сондай-ақ, сарапшылар 2022 жылы АИ-92 бензинінің бір литрі 230 теңгеден асады деп болжап отыр. Бірақ ерте ме кеш пе көрші елдің бағасымен теңестірмей қоймайды дейді. Айта кету керек, Ресейде АИ-92 маркалы бензиннің бір литрі 270 теңгеге жеткен.