Ақтөбеде бүлікшілер өз әкімін сайламақ болып, кабинет іздеген

490

Ақтөбедегі наразылық кезінде бүлікші топтар өз адамын әкім етіп сайламақ болған,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Экспресс К сайтына сілтеме жасап.


Бұл туралы Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен тікелей эфир кезінде айтты.

Онда аймақ басшысы БАҚ өкілдерінің сұрағына жауап берді. Сондай-ақ облыстық әкімдіктің адына жиналған наразы топтың арасында заңды талаптарын қойғандардан бөлек, түрлі бүлікші топтардың болғанын айтты.

Олардың арасында деструктивті діни ағым өкілдері мен шошқа фермасының жабылуын қаламайтын адамдар да жүрген. Тіпті бүлікші топтар өз әкімін сайламақ болған. Облыс әкімі олардың біразын білетінін айтты.

"Басым көпшілігінің талабы — келісімге келмейтін нәрсе. Әсіресе біздің мемлекетімізге, мемлекеттік саясатқа қарсы айтылған сөздер бар. Тіпті "мемлекетті құлатамын" деген ниеттегілер жоқ емес, болды. Заңсыз талаптар қойды. Мемлекеттік құлатқысы келетін адамдардың алдына шығып уәде беруім керек пе? Ол жерде бүлікшіл топ болды. Әдейі мені шақырып, арандатқысы келген адамдар да болды, — деді облыс әкімі.

"Әкімдікке келді. Арғы жағында не естейді олар? Себебі ұран тастау оп оңай, кейін билікті жүргізу, халыққа қызмет ету өте қиын нәрсе. Солардың ішінде өздерін әкім қылып сайлап алғандары да бар. Әр топтың басшылары болды. Кейбіреулері Асхат Бердешұлына менің қызметкерлеріме келіп "міне, бізді сайлады" деп тізім бергендер бар. Біреулері өздерін сайлап алған, кабинет қарап жүргендер де болды. Бірақ өздері түсінді. Ертеңгі күні қаланы басқрау қолынан келе ме? Осыны түсінді. Есін жиды", — деп жалғастырды облыс әкімі.

Оңдасын Оразалиин дүрбелең қызған шақта өзінің алаңға не себепті шықпағанын да түсіндірді.

"Шыққан да жоқпын. Түсініктеме берген де жоқпын. Себебі бұл — менің принципті ұстанымым. Себебі бұл — заңсыз әрекет. Менің сол жерге қатысқаным, сол жердегі жиналған адамдарға уәде беруім, солардың заңсыз әрекеттерін заңдастырғандай болады. Бірақ өзімнің қарамағымдағы адамдарды жібергенім рас. Соның ішінде қаланың әкімі Асхат Бердешұлы бар. Ол қолынан келгенше түсіндіру жүргізгендей болды, басу айтты. Бірақ басым көпшілігі түсініспеушілік танытты. Тыңдаған жоқ,, — деді әкім.

Сондай-ақ ол облыс әкімі наразылық басталғанда қалада болмаған деген әңгімеге де жауап берді.

"Билік ғимаратта емес, билік әкім бар жерде. Мен осы жерден ешқайда кеткен жоқпын. Қаланың ішінде болдым", — деді Оңдасын Оразалин.

Облыстық әкімдікті қоршаған наразы топтың ішіндегі бүлікшілер әкімдік ғимаратының есігін қиратып, ішіндегі жиһаздар мен техникаларды сындырып кеткен. Алайда облыс әкімі отыратын кабинет аман қалыпты.

"Құдай сақтады ма, ата баба әруағы ма қолдады ма, білетін адам сескенді ме, табалдырығымнан аттаған жоқ, — деді әкім.

Қазір болжам бойынша әкімдік ғимаратына келген шығын көлемі 300 миллион теңге делініп отыр.