ӘСКЕРДЕГІ ӘЛІМЖЕТТІК – ЖАСТАРДЫҢ БОРЫШЫН ӨТЕУГЕ КЕДЕРГІ МЕ ?

590
Соңғы уақытта әскерге сау барып, ауру болып қайтатын жас сарбаздар саны көбейіп отыр, -  деп хабарлайды  «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес 18-27 жас аралығындағы әрбір қазақстандық ер азамат мемлекеттің қарулы күштер қатарын толықтырулары қажет. Бүгінде, өз абырой биігінде отан алдындағы міндеттерін орындап жүрген жастарымыз жетерлік. Десе де,
«2021 жылы Қызылорда облысы бойынша 695 ер азамат әскери борышын өтеуге мерзімді әскери қызметке шақырылды. Ал, 20 468 азамат мерзімді әскери қызметке жатпайды. Ал, «Әскери қызметтен жалтару» қылмыс болып табылып, 1000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл, яки 1 жылға дейін бас бостандығынан айырады. Ал, жалған құжат дайындаған жағдайда 3000 АЕК немесе 800 сағатқа дейін бас бостандығынан айыру ҚР Қылмыстық Кодекстің 387-бабы бойынша қарастырылған»,- деді Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Айдын Сағынбеков. 
Әскерге барып, өз борышын өтеу ол әрбір ер азаматтың отан алдындағы міндеті. Алайда, соңғы уақытта құлақ қаққан жаңалықтардың басым көпшілігі отан алдындағы борышын өтеуге барған азаматтарымыздың ауру күйінде, енді біреулері психикалық ахаулармен оралып жатыр деген жантүршігерлік жағдайдарды көріп жатырмыз. Осы орайда Қызылорда қаласы Арал ауданының тұрғыны Ринат Жеткергенов әскерге сау барып, үйіне есі адасқан күйінде жеткен. 19 жастағы сарбаз Ақтау қаласындағы Теңіз жаяу әскерлері бөлімінде борышын өтеп жүрген кезінде, мерзімінің аяқталуына 8 күн қалғанда, «сәл ауырыңқырап» қалды деген сылтаумен үйіне қайтарылған. Ринатты күтіп алған ата-анасы ұлдарының түрін көріп жаға ұстаған деседі. 
Ағасына үйге келгенде әскери шенділердің қалай қорлағанын айтқан. Қайтатыннан 8 күн бұрын 4 қызметкер ұрып-соғып, құлағын тесіп, қинағаны туралы баяндап берген.


 «Басынан соққы алған. Сосын балада ауытқу жағдайы болып тұрады. Әртүрлі сандырақтап, боғауыз сөздерді айтып, бізді құшақтап ұрып, әкесін ұрып, анасын мазақ қылып, күліп әртүрлі жағдай жасайды. Көке мені сол төрт сержант басқа казармаға алып кетіп сол жерге барып мені келеке қылып, құлағымды тесті деп айтты бауырым. Құлағындағы жарақаты әлі тұр. Құлағын инемен тесіп «мен сені қыз қыламын, мен сені әйелім қыламын» деп зорлық-зомбылық жасаған» - дейді жас сарбаздың ағасы Бахтияр Нағашыбаев.
Сонымен қазіргі таңда әскерге бару мерзімі 1 жыл уақытты құрайды. Осы уақыт аралығында әрбір ер азаматтың ата-анасы жандарын шүберекке түйіп, аман есен абыроймен келулерін тілеп отырады. Жас сарбаз әскерге кеткеннен кейін ол әрі қарай сол әскери тәртіпке көніп, өзіне нағыз ер азаматтың бейнесін қалыптастыруға тырысатыны анық.  Осы орайда, «2019 жылдың қаңтар айында «Жас сарбаз» деп аталатын жасөспірімдерге арналған әскери-патриоттық   арнайы клубы ашылды. Қазіргі таңда клубта 7000-нан астам мүше бар. Есепті кезеңде облыстық филиалдың ұйымдастыруымен бір қатар іс-шаралар ұйымдастырылып, 2000-нан астам қозғалыс мүшелері тартылды. Оның ішінде, әскери борышты өтеуді насихаттауға және жастардың патриоттық рухын көтеруге бағытталған 21 кездесу өткізіліп, шараларға 700-ге жуық жас қатысты»,-  деді Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Қуаныш Әбілдаев.


Сөзімізді әрі қарай сабақтасақ, қазіргі таңда әскер туралы түрлі жағдайларды естіп, барудан бас тартып жатқан жасөспірімдерге құрылған мына бір ұйымның ашылғаны жақсы болғаны анық. Ұйымда 7000-ға жуық мүше болса да,  кейбір жасөспірімдердің тіпті хабары жоқтығы да белгілі болды. 
«Мен 10-шы сыныпта оқимын. Болашақта оқу бітіргенде әскери оқу орнына түсіп, өз отан алдындағы борышымды өтегім келеді. Бірақ қаламызда осындай әскери-патриоттық клуб ашылғанын білмейді екенмін. Сізден естіп тұрмын» - деді Али Сәдуақасов.
Жалпы осы сұрақ арқылы біраз адамнан сұхбат алғанымызда қаламыздағы көптеген жасөспірім бұл ұйымнан тіпті хабарсыз екендігі белгілі болды. Әскер туралы көптеген жағдайларды естігеннен кейін, жасөспірімдерге арналған осындай ұйымның ашылғаны көңілге демеу беретіні рас. Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беретін, яғни әскери өмірге алдын-ала дайындайтын ұйымдар тек ашылып қоймай, ары қарай дамыса жақсы болар еді. Жастар арасында патриоттық рухты оятып, батырларымыздың үлгі өнегесін насихаттау ол әрбір әскери қызметтегі ер азаматтардың міндеті. Ал сол әскери қызметтегі тепсе темір үзетін, нар тұлғалы ер азаматтарымыздың өздерінде жоғарғы билік қадағалап отырса нұр үстіне нұр болары анық.


ТҰМАР ХАНЫМ