Елімізде көлік бағасы не себепті көтеріліп жатыр

547
Қаржы саласының мамандары елімізде көлік бағасының көтерілу себептерін айтты,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Хабар 24  арнасына сілтеме жасап.

Сарапшылардың сөзінше, көлік бағасы жылда өседі.

Бұл Қазақстанда ғана емес, әлемде бар құбылыс.

Олар мұндай көрініс бір емес, бірнеше фактордың әсерінен болатынын айтып отыр. Сондықтан утилизациялық алым мөлшерінің азаюы көлік құнын төмендетеді дегенге сене қою қиын. Себебі бағадағы тұрақсыздық тек бұған байланып тұрған жоқ, дейді сарапшылар.

"Бір есептен микрочиптер мен жартылай өткізгіштердің тапшылығы әсер етті. Соның салдарынан көлік өндірісі айтарлықтай азайды. Бірақ сұраныс өскен үстіне өсіп отыр. Экономика заңы солай: сұраныс артқанмен, лайықты ұсыныс болмаса, баға шарықтап кетеді", - деді қаржы саласының сарапшысы Андрей Чеботарёв.

Мамандардың пайымынша, тіпті жүрілген көліктердің өзі де бүгінде қол жеткізбей барады.

"Жүрілген мерзімі екі жылдан асқан көліктерге талдау жасай келе, баға шамамен 5-тен 21 пайызға көтерілгенін байқадық. Сонымен қатар ескі, бірақ аса танымал маркалы көліктердің де құны да өсті. Бастапқы нарықтағы қымбатшылық қайталама нарыққа осылайша әсер етті. Өткен жылы көлік өндірісіне қажет бөлшектер тапшылығы байқалғанын білеміз, жеткізіп беруде біраз кедергілер туындады", - деді Kolesa.Kz порталының шеф-редакторы Евгений Кубеков.

Ел ішінде жаңа көліктерді көбейтуге болады. Ол үшін темір тұлпарды сатып алуды мейлінше жеңілдету керек, дейді қазақстандық автобизнес қауымдастығының вице-президенті Анар Мақашева.

"Бұрындары мемлекет әзірлеген жеңілдетілген несие бағдарламасы халық арасында зор сұранысқа ие болды. Ол бойынша азғантай алғашқы жарна сала отырып, 5 жылға 4 пайызбен көлік сатып алуға болатын. Бұл бағдарлама елдегі әрбір тұрғын үшін қолжетімді болды десем артық айтқаным емес", - дейді ол.

Сарапшылар утилизациялық алымдардан түскен қаражатты осы іспетті түрлі бағдарламаларға жұмсаса, анағұрлым тиімдірек болатынын сөз етті.

Олардың айтуынша, мұндай механизм көрші елдерде бар.

"Қаражат сонымен бірге өнеркәсіпті қолдау бағдарламаларын жүзеге асыру үшін де жұмсалады. Бір сөзбен айтқанда, бұл төмен пайызбен берілетін автонесиелеу жобасы. Яғни көлік бағасына жеңілдік жасау, коммерциялық техниканы жеңілдетілген лизингке беру, ресейлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алушыларға жеңілдік жасау сынды бірқатар шараларды қолға алуға болады", - дейді EY серіктесі Андрей Томышев.

Телеарна дерегінше, көліктердің қымбаттауына шикізат құнының өсуі де әсер еткен.

Биыл металл нарығындағы жағдай тек көлік қана емес, құрылыс саласын да құрдымға жібере жаздады. Сондықтан утилизациялық алымдарды мүлде алып тастау елдегі қымбатшылықты жояды деуге келмейді. Себебі баға саясатын әлемдік нарық белгілейді, дейді сарапшылар.