ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «ЕКІ ЖЕРДЕ ТАПСЫРҒАН ПТР ТЕСТ ҚОРЫТЫНДЫСЫ ЕКІ ТҮРЛІ ШЫҚТЫ»
618
Қызылордада ПТР сынамасы теріс болса да, оң көрсететін емханалар бар,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Елімізде соңғы үш жылда белең алған короновирус инфекциясы әлі де басылар емес. Алдымен вирустың емі болмай көптеген адам қаза болса, кейіннен арнайы вакцинациялау жүйесі жүргізілді. Сонымен қатар қай жерге барсақ та, ПТР сынамасын тапсыру жүйесі енгізілген болатын.
ПТР – полимеразды тізбекті реакция – адам ағзасында инфекция, оның ішінде SARS-CoV-2 вирусының РНК-сы бар-жоғын анықтауға көмектесетін әдіс. Ал, Қазақстанда ПТР тест қорытындысы дұрыс шықпайтын кездер көптеп кездеседі. Әлеуметтік желіде адамдар бір сағат ішінде басқа зертханада қайта тапсырған ПТР тест басқа нәтиже көрсеткенін айтып, жиі шағымданады.
«Менің аяғы ауыр келінім «INVIVO» ақылы емханаға барып ПТР тапсырғанда «теріс» шығады да, ал №1 қалалық емханаға барып тапсырғанында «оң» болып шығады. Бұл қалай сонда? Халықты алдап отыр ма? Келінім жүктіліктің 38 аптасында. Олай болса неге вакцина салғызады? Келінімнің ешқандай симптомы жоқ, тіпті ауырмай тұрған пациенттің бәріне сынаманың «оң» түрін жасап береді ме?» - деп ашынды Қызылорда қаласының тұрғыны Айгерім Бақыт.
Сонымен №1 емхананың қызметкерлері статистикаға жұмыс жасайтын болғаны ма деген сауалға жауаптылар пікір білдірген болатын.
«Біздің емханада Ж.А 1991 жылғы азаматша жүктіліктің 39 аптасымен есепте тұрады. Медициналық құжаттарын тексеру барысында Ж.А. 18-21 қаңтар аралығында облыстық перинаталды орталығына жедел түрде түсіп, өз еркімен қол хат жазып, емін аяқтамай шығып кеткені анықталды. ОПЦ-ға түскен күні, яғни 18.01.2022 ж ПТР сынамасы алынған, теріс болып шыққан. ҚР ДСМ 21.08.2021 жылғы №92 бұйрығына сәйкес жүкті әйелдерден жүктіліктің 37 аптасынан бастап босанғанға дейін ПТР сынамасын тапсыру қажеттігі белгіленген. Осы ретте, 24 қаңтар күні жүктіліктің 39 аптасында оң нәтиже берген. Айта кететін жайт аймағымызда 2022 жылдың қаңтар айының басынан бері COVID-19 ауруының өршігені, қызыл аймақта болуы және жақын қарым-қатынастағы адамның COVID-19-бен ауырғанын ескеру қажет» - деді № 1 емхананың бас дәрігері Рахима Сералиева Facebook парақшасында.
Яғни, қаламыздағы мемлекеттік емханалар «оң» нәтижесін беріп жатса, ақылы емханалар «теріс» нәтиже көрсетіп отыр. Мемлекеттік емхананың айы күні жетіп отырған жүкті әйелді сары уайымға салып, әлек қылғандары қалай?
Осы орайда, ПТР тест қорытындысының қате болып шығуының сыры неде? Мамандар мұның себебін Қазақстанда диагностикалық әлеует төмен, адам факторы да бар және сынама салынған құтыға сырттан вирус жұғуы да мүмкін деп түсіндірді. Ал, Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев барлық тест талапқа сай сақталғанын айтып сендірді. Осы орайда, «Әр лабораториядағы тест аппараттары мен тест сезімталдық деңгейіне қарай бөлінеді. Ал, вирус біздің қоршаған ортамызда бар, ол иммунитетке байланысты әлсіз адам болса жұқтыру қаупі жоғары болады» - деді аса қауіпті жұқпалы ауруларға қадағалау эпид қадағалау бөлімінің бас маманы Жамиля Өтепова.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусқа кемі екі тест тапсыруға кеңес береді. Жеке тапсырған тест нәтижесінен гөрі мемлекеттік сынама нәтижесінің шешуші екенін ескерген жөн. Десек те, бұл сынаманың нәтижесі мәселеге айналуы мүмкін.
ТҰМАР ХАНЫМ