Алматы облысында көлік қаққан төрт оқушының тағы бірі көз жұмды

369
Алматы облысында мас күйінде көлікке отырған жүргізуші қаққан төрт оқушының тағы бірі көз жұмды. 

Ведомствоның мәліметінше, жасөспірім қыз 4 сәуір күні 21:00-де көз жұмған. 

Ол 8 жаста болған. Жол апатынан кейін қыз бала жансақтау бөліміне жатқызылған болатын. Оның жағдайы аса ауыр деп бағаланған еді. 

Еске сала кетсек, оқиға 2 наурыз күні шамамен 18.40-та Алматы облысы Қорам батыр ауылында болған еді. 
Көлікке мас күйінде (орташа дәрежедегі) отырған ауыл тұрғыны жол шетінде тұрған төрт оқушыны қағып кеткен болатын.

Олар түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Кейін көлік жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. 

14 наурыз күні Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің өкілі Ләйлім Әубәкірова зардап шеккен бір оқушының көз жұмғанын хабарлады.

Бұл жайт мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты да бей-жай қалдырмады. Президент көлік жүргізушісін заңға сәйкес жауапқа тарту үшін аталған оқиғаны жан-жақты тексеру жөнінде тапсырма берді.

"Президент Алматы облысында мас жүргізушінің төрт оқушы қызды қағып кеткен жол-көлік оқиғасына қатысты тергеу жұмыстарын өз бақылауына алды", - деген еді оның баспасөз хатшысы Берік Уәли. 

Сонымен қатар, зардап шеккен қыздар мен олардың ата-аналарына тиісті көмек көрсетілетіні хабарланған болатын.