«РЦКУ-Қызылорда» қызметшілері: Жалақымыз 50%-ға көтерілсін!

611
«РЦКУ-Қызылорда» ЖШС қызметкерлері жалақы мәселесін көтеріп, шеруге шықты, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

«РЦКУ» ЖШС қызметкерлері қала аумағында көпқабатты үйлер мен тұрғын үйлерде газ есептегіш құралдарын орнатып, бекіту және көрсеткіш құралдарын тексерумен айналысады.


Қымбатшылық салдарынан жалақының мардымсыз екенін айтқан 150-ге жуық мекеме қызметкерлері басшылыққа үш күн бұрын жалақының көтерілуін талап етіп арыз берген. Қызметкерлердің басым көпшілігі жалақыны 50 пайызға көтеруін талап етіп отыр. 


«Жұмысымыз өте көп. Итке таланып, біршама жерге жаяу барамыз. Алатын жалақымыз жамауымызға да жетпейді. Еңбегімізге татымайды. 50%-ға көбейтілсін. Менің қолыма тигені 74 мың теңгені құрап отыр», – деді Қуанышкүл Тұрманова.


Еңбекақы дауына облыстық еңбек саласын бақылау басқармасының өкілі де келген болатын. Басқарманың бөлім басшысы Нұрбек Жапақов серіктестік қызметкерлеріне мәселені шешудің заңды жолдарын түсіндірді.


«Ұжымдық еңбек дауын қараудың тәртібі бар. Бәрі заң жүзінде болуы тиіс. Әрбіріңіздің артыңызда кем дегенде 5 адам бар. Олар сіздің жанұяңыздағы құрам. Бұндай жиынға еріккеннен ешкім келмейді. Сіздердің талаптарыңыз 15 жұмыс күні ішінде қаралуы тиіс. Менің бақылауымда болады. Заңды кеңес, көмек керек десеңіздер мен әрдайым дайынмын», – деді ол.

Серіктестік қызметкерлерінің талап-арызына байланысты мекеме басшылығы да нақты жауап бермей отыр.


«Біздің  басты мекеме елордада орналасқан. Біз берген арыздарыңызды оқып, таныстық. Енді біздің «учридительдерімізге» берілген хатты жолдадық, тиісті жауапты күтіп отырмыз», – деді «РЦКУ-Қызылорда» ЖШС директоры Жамиля Аубакирова.

Алдағы уақытта жұмысшылардың  жалақы дауының нәтижесі жарияланатын болады.

АЙГЕРІМ РАХЫМЖАНҚЫЗЫ