"Қалаға қосылсақ та су мен газ жоқ"

354

Шымкенттегі Сайрам ауданының мегаполиске қосылғанына 10 жылға жуықтаған. Алайда ауданға ауыз су мен көгілдір газ кіргізілмеген, - деп хабарлайды  Opennews.kz ақпарат агенттігі 31- арнаның   "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап. 

Шымкентке қосылғанына он жылға жуықтаған Қайнарбұлақ халқы көшеге шықты. Айтуларынша, төңіректегі елді мекендердің барлығында жағдай жасалған. Бірақ шенеуніктер Қайнарбұлақты аттап өтіп, мәселемізді тасада қалдырады дейді олар. 

"Ал енді қазір газ мәселесіне, су мәселесіне келгенде барлық аудандарға қосылып қойған. Тек біз қалдық. Бұл не сонда?" –  дейді Шымкент қаласы Қайнарбұлақ шағын ауданы тұрғыны Әбдіжаппар Сәрсенбаева.

"Суды беті ашық бөшкеден аламыз. Оның ішінен құстардың да нәжісі шығады. Осындай бөшкеден су ішеміз. Өлместің күні болып жатыр",  деп қосты тұрғын Седепкүл Байзақова.

  
Бастапқыда қалаға қосылдық деп қуанған халық тұрмыстары түзеледі деп үміттенген. Алайда әкімдердің нақты істерінен гөрі құрғақ уәдесі тұрғындардың қуанышын су сепкендей басқан. Жел тұрса сөніп қалатын сапасыз электр жарығы, қолдан қазылған құдықтағы лай су, көгілдір отынның мәселесі сол күйі шешілмеген. 


"Әкімдіктен келген кісілер бұлбұлша сайрайды, кетеді. Құрметті әкім жолдастар. Сен де біреудің баласысың. Сен де дәл осындай ауылдан шыққансың. Неге сен ұрпағыңның жағдайын ойламайсың!" – деді Шымкент қаласы Қайнарбұлақ шағын ауданы тұрғыны Мәрия Бейімбетова. 

Шымкент әкімі болған Әбдірахымов та, Айтаханов та, Әйтенов те мәселені шешуге талай уәде еткен дейді жұрт. Бірақ "биыл, келер жылы" деген ауызша уәделерінен шаршаған соң, ауызы күйген халық тек жазбаша жауап талап етіп, оны өздерімен сақтап жүргендерін айтады. 


Мысалы, Қаратау ауданы әкімдігі "Даму бағдарламасына сәйкес, Қайнарбұлақты ауыз сумен қамту үшін жобалық-сметалық құжат әзірлеу 2018-2019 жылға жоспарға қойылған" деп жауап берген екен



"Ауыз су мәселесінде бүкіл Қайнарбұлақ бойынша құны 7,1 млрд теңге жоба жасақталған. Биыл басталып, келер 2023 жылы толығымен аяқталады. Электр қуаты бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Биыл елдімекен электр қуатымен қамтылады", - деп мәлімдеді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мәулен Аймамбетов.