Шетелдіктер иеленіп алған
389
Түркістан облысы Қасқасу ауылының жұрты жайылымсыз қалған. Айтуларынша, ауыл маңында мал жаятын жердің көлемі осы бірер жылда 10 есеге қысқарып кеткен, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
Тұрғындардың бірі Ерлан Бексейітов екі үйір жылқысын үйінде ұстап отыр. Мал жаятын жайылымның жоқтығынан аттарын аядай ғана ауласына байлап қойған. Үнемдеп жем-шөбін беріп, тұяқтыларын өлтірмеудің қамын жасап бағуда. Ал қазіргі нарықта бір бау шөп 2 мың, ал бір келі жем 200 теңге төңірегінде тұратынын ескерсек, шаруашылығым шатқаяқтап тұр дейді.
“Мынау артымызда тұрған жылқының өзіне күніне азанда 5 прес, кешке 5 прес шашамыз. Ал үйдегіге азанда 5 прес, түсте 5 прес, кешке 5 прес шашамыз. Мынау артымызда тұрған жабағылар жүдеу, көріп тұрсыз. Өйткені амал жоқ, шөп жетпейді. Көрдіңіздер қардың қалай түсіп жатқанын, ертең март, апрель айларында далаға шығарғанмен жайыла қоятын жайылымымыз жоқ”, – дейді Қасқасу ауылының тұрғыны Ерлан Бексейітов.
Тау бөктеріндегі тұмса табиғаттың аясында орналасқан ел жайылым жердің жоқтығына налиды. 10 жылдан бері ауыл маңындағы майса маңай тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетті деп отыр. Жайылымның игілігін шетелдіктер де иемденіп қалған дейді халық. Төрт ауылдың 4200 гектар жайылым қазір 10 есе қысқарыпты. Мал бағатын аумақты аукцион арқылы сатып, май шелпекке айналдырғандар осы өңірдің әкімдері мен ақ жағалылары деп отыр.
“Халық деген шығып жатыр, арабтар қоршап қойған кіргізбейді де ешқандай оны. Кемпингке дейін қоршап қойған, мынау Қасқасу өзені, Сайрам су, анау Сарыбұлаққа дейін сондай”, – дейді Қасқасу ауылының тұрғыны Қайрат Бүркітбаев.
“Жайылымдарымыздың бәрін бай-бағландар, турасын айтқанда, гектарлап-гектарлап алып қойған. Ауданға қайта-қайта барамыз, барамыз, жайылым деп, қанша жыл болды осы”, – дейді Қасқасу ауылының тұрғыны Досмахан Ділдаханұлы.
Қазір Қасқасудағы өзен маңы бай-бағландардың демалыс орындары мен қора-қопсыларына айналған дейді жұрт. Зәулім коттедждер мен мұндалаған моншалар көп. Кейбірі қора аумағын қоршап, одан артылған бос аумақты да иемденіп алғанын айтады. Ауыл әкімінің есебінде осыны шырылдап айтқан жұртқа аудан басшылығы басу айтуға тырысты.
“Жайылым деген жерлерді сыртынан демалыс аймағы деп пайдаланып отырған фактілер болса, біз оны тиісті ауылдық округінен ұсыныс алдырамыз. Тізімдерін, аты-жөндерін, қанша гектар пайдаланып отыр дегенді. Біз құзырлы орындарға шығып, оны міндетті түрде қайтартамыз”, – дейді Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Лесбек Серікбаев.
Қалың қауымға тиесілі аумақты қайтара алмаса жұртшылық президенттен көмек сұрауға мәжбүр. Өйткені жайылымның жайы, малдың шұрайы болмаса, көкорай көктемде төрт түліктің еті де, бағасы да күрт құбылып кетуі әбден мүмкін дейді көпшілік.