"ҚазМұнайГаз" бен "Эйр Астана" сатылатын болды

382

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысын өткізді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Экспресс К сайтына сілтеме жасап.


Жиын геосаяси жағдайдың Қазақстанға тигізетін кері әсеріне төтеп беруге бағытталған қажетті шаралар топтамасын талқылаудан басталды.

Президенттің айтуынша, Үкімет құрған Дағдарысқа қарсы шараларды үйлестірудің жедел штабы Ресейге салынған санкциялардың Қазақстанның экономикалық салаларына тигізетін әсерін жан-жақты талдауға, жағдайдың қалай өрбитініне қарап шара қабылдауға, сондай-ақ алдағы іс-қимылдардың бірыңғай жоспарын жасауға тиіс.

Жоғары кеңестің негізгі отырысы аясында мемлекеттік бюджеттің кірісін ұлғайту, инвестициялық саясатты жетілдіру және "Самұрық-Қазына" акционерлік қоғамын реформалау мәселесі көтерілді.

Мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігін күшейту бойынша Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров баяндама жасады. Оның айтуынша, бюджетке түсетін қосымша кірісті ұлғайту үшін қатты пайдалы қазбалардың 3 түріне салынатын салықты 3 есе өсіру ұсынылды. Бұл бюджетке 300 миллиард теңге кіріс әкеледі.

Инвестициялық саясат тұжырымдамасы аясында инвестициялық экожүйені одан әрі дамыту, жеке сектордың инвестициялық белсенділігінің артуына ықпал ету және баға белгілеудің жаһандық тізбегін терең интеграциялау жұмысын жүргізу қарастырылған.


"Самұрық-Қазына" акционерлік қоғамын реформалау барысы жөнінде басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев есеп берді. Оның айтуынша, қазір ұлттық компанияларда кадр саясаты қайта қаралып, басқару персоналы қысқартылды. Ал "ҚазМұнайГаз" АҚ, "Эйр Астана" АҚ, "KEGOC" АҚ, "QazaqGaz" АҚ сияқты компаниялар IPO-ға шығарылады. Соның арқасында "Самұрық-Қазына" Ұлттық қорға 500 миллиард теңге бөле алады.

Кеңес өтіп жатқан кезде "Самұрық-Қазына" мен "Қазақстан темір жолы" басшылығы тергеліп жатқаны белгілі болды.