"Бүкіл әлемде көбірек төлейді": Қазақстандықтар үшін электр энергиясы қымбаттайды

344

ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі электр энергиясы бойынша тұтынушылар топтарын саралаудан бас тартып, тарифті барлығына – жеке және заңды тұлғаларға, сондай-ақ бюджеттік ұйымдарға бірдей етіп енгізуді ұсынды,-  деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Бұл дегеніміз 2025 жылға қарай  қарапайым тұтынушылар үшін электр энергиясының тарифі күрт көтеріледі деген сөз.


"Тарифтер біртіндеп төмендейді. Бүкіл әлемде жеке тұлғалар көбірек төлейді. Нан пісірген адам тиімділік тұрғысынан қоғам үшін маңыздырақ, себебі нан жеке адамның қара басынан гөрі маңызды. Дүние жүзінде жеке тұлғалар заңды тұлғаларға қарағанда көбірек төлейді. Бірақ осал топтағы халық үшін тұрғын үй көмегі көрсетіледі. Біз 2025 жылға қарай бұл саралауды алып тастауға тырысамыз", - деді мәжілісте басқосуда агенттік төрағасы Серік Жұманғарин.


Мысал ретінде ол Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс істейтін "Астанаэнергосбыт" ЖШС-ін келтірген. Кәсіпорын сағатына бір киловатт үшін орташа есеппен 19,84 теңге тарифін төлейді және бұл тариф тұтынушылардың үш тобы бойынша сараланады. Тұрмыстық тұтынушылар бір киловатт үшін сағатына 13,59 теңге, заңды тұлғалар 22,43 теңге, бюджеттік ұйымдар 50 теңге төлейді.


"Жақында мемлекет басшысымен кездесу болып, ол осы саралауды жою бойынша пилоттық жобаны жүзеге асыруды қолдады. Саралау нәтижесінде былтырдың өзінде бюджетке 20 млрд, шағын және орта бизнеске 31 млрд теңге артық төленген. Бұл жалпы – 51 млрд теңге. Алайда нарықта коммуналдық қызметтерді қамтитын тұрғын үй көмегі бар. Тұрғын үй көмегін төлеу небәрі 750 миллион теңгені құраған. Өздеріңіз көріп отырғандарыңыздай, 51 млрд теңге қорда сақтаулы тұр", - деп түсіндірді Жұманғарин.


Сол себепті Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі тұрғын үй көмегінің көлемін арттыруды, барлық тұтынушылар үшін бірдей тариф белгілеуді ұсынып отыр. Бұл бастама бойынша пилоттық жоба Алматы, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында жүзеге асырыла бастайды.