«Дәрігерлерге демалыссыз жұмыс істеткен лауазым иелері жазаланды»

1 511

Фото: ©BAQ.KZ архивіТалдықорғанда прокуратура тексерісінен кейін 700-ден астам медицина қызметкерінің еңбек құқығы қалпына келтірілді, лауазымды тұлғалар заң алдында жауап берді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.

Жетісу облысының прокуратурасы денсаулық сақтау саласындағы еңбек заңнамасының сақталуын тексеру барысында «Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасында» өрескел заң бұзушылықтарды анықтаған.  Талдау нәтижесі көрсеткендей, аурухана басшылығы қызметкерлерді қауіпті әрі ұзақ уақыт жұмыс істеуге мәжбүрлеген. 

Медбикелер мен дәрігерлер 24 сағаттық кезектен кейін қажетті демалыссыз жұмысқа тартылған, бұл олардың денсаулығына қауіп төндіріп, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 83-бабына қайшы келеді. Талдау барысында айлық және жылдық қосымша жұмыс сағаттарының шектен тыс болғаны анықталған. 2026 жылдың қаңтар айында кейбір қызметкерлер 216 сағатқа дейін қосымша жұмыс істеген, бұл нормативтен әлдеқайда асып кеткен, - деп хабарлады Жетісу облысы прокуратурасының баспасөз қызметі. 

 Жұмысқа төлем біркелкі ставка бойынша төленген, ал Еңбек кодексінің 108-бабына сәйкес кемінде 1,5 есе үстеме ақы төленуі тиіс болған.

Құқық бұзушылықтар 700-ден астам қызметкердің құқықтарына әсер еткен. Қалалық прокуратура тиісті ұсыныс енгізді, оның қаралу нәтижесінде медициналық қызметкерлердің құқықтары қалпына келтірілді, ал кінәлі лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылмақ. Жетісу облысының прокуратурасы денсаулық сақтау саласындағы еңбек заңнамасының сақталуын бақылау бойынша жүйелі жұмысын жалғастыруда, - делінген хабарламада.