Маңғыстау облысында қаңғыбас ит-мысыққа арналған үй салынады
470
Маңғыстау облысында иесіз ит-мысыққа арнап панажай салынатын болды. Бұрындары бірден көзі жойылатын қараусыз хайуандар енді ерекше күтімге алынбақ,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Экспресс К сайтына сілтеме жасап.
Маңғыстау облысында қаңғыбас ит-мысықтың көзін жоюға тыйым салынғалы бері олардың саны көбейіп кетті.
Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Бердібек Мархабаев өңірде иесіз үй жануарларының көзін жою наурыз айының басынан бері тоқтағанын айтты. Қазір оларды арнайы ұстайтын панажай салу жұмыстары қолға алынған.
"Наурыз айынан бері Маңғыстау облысы бойынша иесіз ит-мысықтарды ұстайтын арнайы орындар белгіленіп жатыр. Алғашқылардың бірі болып Жаңаөзен қаласы осы жұмысты қолға алды. Облыс бойынша иесіз ит-мысықтың нақты саны белгісіз болғанымен, олардың көп екеніне қатысты шағым жиі түседі. 2021 жылы Маңғыстау облысында 12 мыңнан астам ит, 1500 мысық мысық ауланып, көзі жойылды. 2022 жылдың наурыз айына дейін 2080 ит пен мысық ауланды", — дейді Бердібек Мархабаев.
2 наурыздан бастап елімізде жануарларға жауапкершілікпен қарауға қатысты заң күшіне енді. Содан бері елді мекендерде ит пен мысықты ату тоқтаған.